Самат Бейсенов: Турнирге жақсы формада келуге дайындалып жатырмыз
25-28 шілде аралығында Алматыда үстел теннисінен WTT YOUTH CONTENDER ALMATY халықаралық жасөспірімдер турнирі өтеді, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Қысқа сұхбатында Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Самат Бейсенов осы стартқа дайындық және команданың мүмкіндіктері туралы айтты.
«Қазіргі уақытта біздің жасөспірімдер мен кадеттер құрамалары жасөспірімдер Азия чемпионатына қатысуда, қалған балалар Алматыдағы «ADD USTEL TENNIS ORTALYGY» үстел теннисі орталығының базасында оқу-жаттығу жиынынан өтуде. Біз стартқа жақсы формада келуге дайындалып жатырмыз.
Біздің құраманың мүмкіндігі жаман емес. Ерлерде әрине, U17, U19 жас санаттарында Алан Курмангалиевке және U19-да Сарвиноз Миркадироваға сенім артамыз. Кадеттер арасында көшбасшылар Айназ Адильгереева (U 13), Мария Лукьянова (U 13), Абай Жұмағұл (U11), Жәния Бекмұхамбетова (U11). Әрине, біз бүкіл құрамадан жақсы ойын мен сәтті өнер көрсетуін күтеміз. Біздің спортты кейде болжау мүмкін емес, әркімнің жеңіс пен сәттілікке тең мүмкіндігі бар. Дәл осы турнирде қазақстандық үстел теннисінің жаңа жұлдыздары жанып, әлемдік деңгейдегі болашақ чемпиондардың есімдерін танитын болуымыз әбден мүмкін.
Негізгі қарсыластар туралы - азиялықтар өте күшті. Тайбэй, Гонконг, Үндістан, Иран. Еуропалықтар арасында: Бельгия және Италия бар. Бұл турнирдің маңыздылығы біз үшін әрине өте жоғары. Осындай ауқымды халықаралық турнирді өткізу біздің сүйікті спорт түрінің дамуына және танымал болуына серпін берері хақ. Бұл ТМД елдерінің аумағында халықаралық үстел теннисі федерациясының жалғыз рейтингтік турнирі екенін атап өткен жөн. Бұл турнирді өткізу біздің теннисшілерімізге әлемдік рейтингін арттыруға және жақын және алыс шетелдердің жетекші ойыншыларымен бәсекелесе отырып, қажетті халықаралық тәжірибе алуға тамаша мүмкіндік береді», - деді өз сөзін түйіндей келе аға жаттықтырушы.
Естеріңізге сала кетейік, турнирге әлемнің 13 елінен 159 спортшы қатысады. Жарыс медальдары үшін спортшылар бес түрлі жас санатында бақ сынайды: 11,13,15,17 және 19 жас.