«Каспийдің» бас бапкері қызметінен не үшін кеткенін түсіндірді

«Каспий» футбол клубының бас бапкері, македониялық маман Игор Ангеловски қызметінен кететінін мәлім етті.
«Каспий» футбол клубының баспасөз қызметінен белгілі болғанындай, И. Ангеловски талдықорғандық «Жетісу» командасымен өткен ойыннан кейін осындай шешімге келгенін хабарлады.
Бапкер алдымен, кеше алаңға шыққан ойыншыларға алғыс айтты. Оның сөзіне қарағанда, жақсы нәтижеге жету үшін футболшылар жетіспейді.
«Осында екі ай бұрын келген кезде, біз нөл ұпаймен соңғы орында тұрдық және бізге құрамдағы ойыншыларды реттеп, көбін жіберуіміз керек деп айтқан болатын. Олардың орнын басатын жаңа ойыншылар аламыз деп келістік. Біз 12 футболшымен келісімшартты тоқтаттық, солардың ішінен үшеуін қалдырғым келді, бірақ біз сақтай алмадық, олар: Диакате, Бриджидо және Джигаури», - дейді жаттықтырушы.
Ол қызметтен кету себебін де түсіндіріп өтті.
«Екі апта бойы «Жетісу» командасына қарсы дайындықты негізгі құрамдағы 10 ойыншымен өткіздік, қалғаны академия жастары еді. Мен өз атымды шығару үшін біраз еңбек еттім, енді сол атымды жоғалтуды қаламаймын. Өз орнымды босатамын деп шештім. Бұл хабарды ойыншыларға және басшылыққа жеткіздім. Келесі бас бапкерге жағдай жасалады деп үміттенемін. «Каспий» футбол клубы премьер-лигада қалады деп сенемін. Футбол клубында жұмыс жасайтын әрбір адамға рақмет және де сәттілік тілеймін. Ерекше алғысымды жанкүйерлерге айтамын», - деді Игор Ангеловски.