Қазақстан жасөспірімдері теннистен әлем чемпионатына іріктеу сатысын кезеңін бастады
Малайзияның Кучинг қаласында 14 жасқа дейінгі ұлдар арасында командалық әлем чемпионаты Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу кезеңі басталды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚТФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жеребеге сәйкес еліміздің жасөспірімдер құрамасы D тобына түсіп, онда Аустралия, Сингапур және Иордания командаларымен ойнайды.
Бүгін қазақстандықтар Иорданияны 2:1 есебімен тізе бүктірді. Бірінші кездесуде Мансұр Сайынов қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0, 6:0.
Ярослав Пшеничный тартысты бәсекеде жеңілді – 6:2, 3:6, 2:6. Дегенмен жұптық сында Мансұр Михаил Мищенкомен бірге командасына жеңіс әперді.
Қазақстан намысын іріктеу кезеңінде мына спортшылар қорғайды:
Ярослав Пшеничный (Астана);
Мансұр Сайынов (Ақтобе);
Михаил Мищенко (Алматы).
Команда капитаны Сергей Квак.
Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша жазда Чехияның Простеев қаласында өтетін әлем чемпионатының финалдық сатысына төрт команда жолдама алады.