«Ювентус» заң бұзғаны үшін 15 ұпайынан айырылды

«Ювентус» заң бұзғаны үшін 15 ұпайынан айырылды

Қаржылық заңбұзушылық үшін футболдан Италия чемпионатында «Ювентус» клубы 15 ұпайынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Италия футбол федерациясының (FIGC) баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, федеральдық апелляциялық сот прокуратураның өтінішін ішінара қанағаттандырған.

Осылайша, 15 ұпайынан айырылған «Ювентус» (Турин) турнир кестесінде үшінші орыннан 10-сатыға сырғыды. Қазір оның есебінде 22 ұпай бар.

Федеральдық апелляциялық сот сонымен қатар клубтың бұрынғы президенті Андреа Аньелли мен бұрынғы атқарушы директор Маурицио Арривабенені 24 айға, бұрынғы спорттық директор Фабио Паратичиді 30 айға, бұрынғы вице-президент Павел Недведті 8 айға футбол қызметінен шеттету туралы шешім қабылдады.

Аньелли, Недвед және Арривабене қараша айында қызметінен кеткен болатын. «Ювентус» басшылары қаржылық басқаруға байланысты заң бұзды деп күдікке ілінген еді. Атап айтқанда, тергеу қате қаржылық деректер, ойыншыларды сатып алған кезде бұрмалауларға қатысты болды. Өткен жылғы сәуір айында FIGC соты күдіктілерді ақтаған еді.

«Ювентус» Италия біріншілігінің 19-турында ертең «Аталанта» клубын қабылдайды. 15 ұпайынан айырылғаннан кейін туриндік команданың алдыңғы орындарға қайта көтерілуі неғайбыл.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0