Қазақстандық теннисші Португалиядағы жарыстың жартылай финалына шықты

Қазақстандық Тимофей Скатов жекелей сында Брага (Португалия) челленджер жарысының жартылай финалына өтті, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Дүниежүзілік рейтингте 242-орында тұрған қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 121-інші, доданың екінші ракеткасы, испаниялық Карлос Табернермен шеберлік байқасты.
Бірінші партия тартысты өрбіп, тай-брейкте Скатов сәтті ойнай білді - 7:6 (7:2).
Екінші сетте Тимофей қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ - 6:0.
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған матчта қазақстандық спортшы 5 брейк-пойнттың төртеуін пайдалана алды. Испаниялық теннисші 1 брейкпен шектелді.
Скатов финалға шығу үшін әлемнің 308-ракеткасы, америкалық Николас Морено Де Альборен немесе рейтингте 341-сатыдағы испаниялық Хавьер Косано Барранконың біреуімен таласады.
Бір қызығы, Скатов жұптық сында да К.Табернермен бірге жартылай финалда өнер көрсетеді.