«Канелоның» бұрынғы қарсыласы трилогияға болжам жасады
Бұған дейін Сауль Альвареспен жекпе-жек өткізген британиялық боксшы Рокки Филдинг алдағы Геннадий Головкинге - «Канело» трилогиясына болжам жасады, деп жазады Prosports.kz.
Рокки 2018 жылы желтоқсанда «Канелодан» үшінші раундта жеңілген болатын.
— «Канелоға» қарсы жекпе-жекте байқағаным, ол алдыңғы аяқты өте мықты бақылайды, ол рингтің кез келген нүктесінде қарсылас кеңістігін тарылтып тастайды, бейне сіздің қайда баратыныңызды ол уақытынан бұрын біліп отыратын сияқты. Ол қарсыласқа тоқтаусыз қысым жасайды. Кей жекпе-жекте аздап қателесуге мүмкіндік бар, бірақ Альвареске қарсы кездесуде қателік жіберуге болмайды, — дейді Филдинг.
— Менің ойымша, «Канело» Головкинді жеңеді. Жақсы жекпе-жек өтеді, бірақ мен үшін «Канело» жылдамдығы мен рефлексі жағынан Головкиннен артық, соққыны жақсы көтереді. Головкиннің соққысы әлі мығым, бірақ «Канело» бұған дейінгі екі жекпе-жекте оның қыр-сырын біліп алды. Төртінші раундтан бастап олар ринг ортасында жұдырықтасады, соңында «Канело» ұпай санымен жеңіске жетеді деп ойлаймын, — дейді британиялық боксшы.