Карина Жұмабайқызы: Біздің құрама бұрын Қарағандыда жеңіске жетті

Карина Жұмабайқызы: Біздің құрама бұрын Қарағандыда жеңіске жетті

Қазақстан әйелдер құрамасының жартылай қорғаушысы Карина Жұмабайқызы ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында Словениямен өткен ойынның (0:2) қорытындысын шығарып, 6 қыркүйек күні Эстониямен өтетін ойынға дайындық туралы айтып берді.

– Өте жылдам ойын болды. Екінші нөмірмен ойнау қиынға соқты. Словенияның қысым көрсететінін жақсы түсініп, жоғары деңгейде ойнауға тырыстық. Кей жерлерде концентрация жетіспей, өзіміздің жіберген қателіктерден кейін гол өткізіп алдық. 

– Алғаш рет капитандық белгімен алаңға шықтың. Ойын алдында толқымадың ба? 

– Әрине, алғаш рет болғандықтан аздап толқу болды. Мен үшін үлкен абырой. Жаттықтырушылар штабына сенім артқаны үшін алғыс білдіремін. Жасыл алаңда қыздарға көмек беруге тырыстым. 

– Осы ойында төрт ойыншы ұлттық құрамадағы алғашқы матчын өткізді: Қазына Норбаева, Әсел Орынбай, Маргарита Талдыкина және Нұрсұлу Балжан. Олардың ойынына қандай баға бересің?

– Олар өз мүмкіндіктерін күтті. Ұлттық құрамада ойнау – үлкен абырой. Жас қыздар жасыл алаңда бас бапкердің тапсырмасын толықтай атқарып шықты деп айтуға болады. 

– Қарағандыда Эстониямен өтетін ойыннан не күтесің?

– Матч менің туған қаламда өтеді. Міндетті түрде жеңіске жету керек. Біздің құрама бұрын Қарағандыда жеңіске жеткен болатын. 2012 жылы Швейцария құрамасын (1:0) ұтты. Мен сол ойынды стадионнан жанкүйер ретінде тамашаладым. Міне, араға 10 жыл салып тағы ойнайды. Жанкүйерлерге қуаныш сыйлап, оң нәтижеге қол жеткіземіз деп үміттенемін. 

Түпнұсқасы: Kff.kzОшибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0