Теннис

Қазақстан құрамасы үстел теннисінен әлем чемпионатына дайындықты пысықтады

Қазақстан құрамасы үстел теннисінен әлем чемпионатына дайындықты пысықтады

Командалық құрамдағы дода күзде Қытайда өтеді, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі «Хабар 24» сайтына сілтеме жасап.

Аспан асты еліндегі жарысқа 40 мемлекеттің өкілі жолдама алыпты. Чемпионаттың ең жас ойыншысы қарағандылық Алан Құрманғалиев. Қазақстанда үлкен теннистен әлемді бағындырғандар үстел теннисіндегілерге де шабыт бергені рас. Алан Құрманғалиев адал тердің ақысы – жеңіс екенін жақсы біледі. Сондықтан тәулігіне 6 сағат дайындалады.

Жас ойыншы жыл басынан бері 23 турнирге қатысып топ жарған. Оқуда да озаттар қатарында. Әлемдік рейтинг бойынша да алғашқы үштікте тұр. Мақсат алғашқы сатыға шығу. 

Алан Құрманғалиев, теннисші:

– Қазір бірінші орында жапон спортшысы тұр. Олар көп жаттығады.Әр ойыншыда кемі үш бапкер, жеке массажисі мен психологы болады. Сондықтан олар мықты болып келеді. Жалпы біз күрес пен бокстан әлем бойынша үздіктер қатарында болсақ, олар осы спорт түріне бейім келеді.

Қазір Алан да жаттығуға тыңғылықты кіріскен. Тәулігіне 6 сағат дайындалады, 30 шақырым жүгіреді. Қарсыласты қоғадай жапырғың келсе, осыдан басқа жол жоқ дейді жас спортшы.

Алан Құрманғалиев, теннисші:

Оларды тактикалық тұрғыда тізе бүктіруге болады. Бұл ойында тек жылдамдық пен шеберлік емес, баспен ойлау керек. Жылдам шешім шығару тиіссің. Қателікке жол бермеу – басты мақсат. Тек сонда ғана қарсыластан басым түсесің.

Қазір Қазақстан құрамасы үстел теннисінен әлемнің үздік 40 мемлекеті арасында кемі 16-шы орынға тұрақтауды жоспарлап отыр. Жарыс қыркүйек айының соңында басталып, кемі 10 күнге жалғасады.



Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0