«Нант» вундеркиндінің оқиғасы: жол апатында жалғыз өзі тірі қалып, көше кезіп кетті

«Нант» вундеркиндінің оқиғасы: жол апатында жалғыз өзі тірі қалып, көше кезіп кетті

1980 жылдары «Нант» командасының сапында болашағынан үлкен үміт күткен футболшы ойнаған. Алайда жол апаты жас футболшы Сида Кабаның тағдырына балта шапты.

«Бүкіл Францияда дарынды баланың есімі жария болған. «Нант» академиясына түскенде ол 12-де болатын. Есімі Сиди Каба. Малидің Бамако қаласында туған. Алаңда оң қаптал мен шабуылдың өтінде ойнайды. Әр матчта үш-үштен гол соғады», – деп TF1 спорт арнасы жас футболшыға баға берген.

Қырық жыл өтсе де Кабаның дарыны жайлы еске алатындар көп.

«Академияда көп дарынды ойыншыларды көрдім. Бірақ Сидидің орны бөлек. Ол үздік ойыншы ғана емес феномен еді. Бас бапкер Жан Клод Сюдо оны жақсы көретін. Оның үстіне Сидидің мінезі де жақсы еді, деп еске алады «Нанттың» бас бапкері болған Антуан Комбуаре.

Каба 14-ке толғанда әкесі оны Малиден Францияға оқуға жіберген. Виза алуды оңайлату үшін баласының жасын 11 деп көрсеткен. Сондықтан Каба өмір бойы нағыз жасын жасырып келді.

Каба негізгі құраммен бірге жаттығып қана қоймай, футболшылармен дос болатын. 1984 жылдың қарашасында командаласы Лоран Обридің ата-анасы футболшыларды қонаққа шақырады. 18 қарашада Сет Адонкордың көлігімен бір топ футболшы Нант қаласынан Сен Назарға жолға шығады. Жауыннан кейін жол тайғақ болған. Түскі сағат 12-нің шамасында Сет Адонкор рөлге ие бола алмай, жолдың қарама қарсы бетіне шығып кетеді. Қарсы бетте жұйытқып келе жатқан BMW көлігімен соқтығысып, рөлде отырған Адонкор да, көліктің алдыңғы орында болған Лабежоф та тіл тартпай кетті. Ал Сиди Каба ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті.

«Біз таңертең 10-дар шамасында оянып, көршім Лоран Обридің үйіне тарттық. Басында көлікті мен жүргіздім, бірақ сәлден соң шаршаңқырап, артқы орындықта ұйықтай кеттім. Ештеңе көрмедім. Бір кезде қатты дауыс шыққаны есімде. Одан кейін не болғанын білмеймін. Тек ауруханада ояндым», деп есіне алды Сиди Каба апат болған күнді.

Бір айдан соң Сиди Каба ауруханадан шығып, ал бір жылдан кейін жасыл алаңға оралды. Сиди «Нант» жастар командасында біраз уақыт ойнады. Бірақ бұрынғы деңгейіне шыға алмады. Ол уақыт өте Францияның төменгі лигаларына дейін түсті.

Қайғыдан қан жұтқан Сиди ұзақ уақыт есін жыя алмады. Ол ішімдікке салынып, көшеде қалды. 

«Оның көп жарақаты болды. Басында да проблема болған. Сиди апаттан аман қалғаны үшін өзін кінәлі сезініп, өзін іштей жей берді. Соңында арақпен достасып, кедей болды», дейді скаут Кристиан Ларьеп.

2021 жылы L’Equipe журналистері Сиди Кабаны іздеп тапты. Ол Испанияда заңсыз өмір сүріп, Малиге қайтқан. Өзіне қол жұмсамақ болған. Кейін Нантқа оралып, көшеде өмір сүрген. 

Сиди журналистермен деректі фильм түсіруге келіседі. Алайда телефон нөмірін өзгертіп, қайта байланысқа шықпай қойған. Кабаның досы оны журналистерге таңертең қала орталығынан іздеуге кеңес береді. Көлік тұрағының бірінен журналистер Кабаны тауып алады.

«Ерте ұйықтап, ерте тұрамын. Аз уақыт теледидар көрген соң, көшеге шығамын. Ақша болса арақ алып ішемін. Басқа істейтін шаруам жоқ. Тамақ ішкім келмейді. Тек мені жайыма қалдырса екен дейімін. Олар менің өмірімді құртты» деп ақталды Каба.

Каба көшеде өмір сүрген. Кейде туысқандар, кейде бұрынғы әріптестері көмектесіп тұрған. Алайда Сиди ішуден басқа серік таппаған. 

«Нанттан шыққанда рөлді беріп, артқа отырдым. Шаршағанымды айтып, ұйықтай жөнелдім. Бірер сәттен соң олар өліп, мен тірі қалдым. Әлі күнге дейін осы сәтті ойлай беремін. Өзімнен неге мен тірі қалғанымды сұраймын», дейді Каба. 

5 қараша күні Сиди Каба жүрегі мен асқазанындағы ауру асқынып, қайтыс болды. 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или