«Қазақстан спортын трансформациялау» жобасына қай спортшылардың енгені белгілі болды
«Қазақстан спортын трансформациялау» жобалық кеңсесінің жетекшісі Қамбар Омаров аталған жобалық кеңсенің жұмыс органына қандай танымал спортшылар енгенін айтып берді.
Айта кетейік, жақында елімізде «Қазақстан спортын трансформациялау» жобалық кеңсесі құрылды.
«Жұмыс органының құрамына саладағы білікті 55 адам енді. Күн сайын басқа да мамандар телефон шалып, өздерінің бастамалары мен ұсыныстарын айтып жатыр. Менің ойымша, бұл енді бастапқы тізім. 55 адамның арасында танымал спортшылар мен бапкерлер бар», - деді Қамбар Омаров Орталық коммуникациялар қызметінде.
Осы орайда ол жұмыс органы сапында әлем чемпиондары мен Олимпиада чемпиондары бар екенін жеткізді.
«Тұрсынғали Еділов, Бақтияр Артаев, Василий Жиров, Юрий Мельниченко, Елдос Сметов, Александр Винокуров, Айдар Махметов сынды азаматтар бар. Біздің командаға тағы да бірнеше танымал спортшылар кіруге ниет білдіріп отыр», - деді Қ. Омаров.