Қазақстан футзалдан ФИФА рейтингінің топ-10 қатарындағы орнын сақтап қалды
Футзалдан ұлттық құрамалардың әлемдік рейтингі жаңартылып, алғашқы ондықта өзгеріс болған жоқ. Қазақстан құрамасы бұрынғыдай сегізінші орында тұр, деп хабарлайды Prosports.kz.
Қазақстан құрамасының еншісінде 1403,8 рейтингтік ұпай бар. Келесі орында тұрған Украинадан айырмашылығы үш ұпайға да жетпейді: украиналықтарда 1400,89 ұпай бар.
Қазақстан құрамасы сондай-ақ алғашқы ондықты түйіндейтін Франциядан да жоғары орналасқан. Францияның еншісінде 1397,25 ұпай бар. Осылайша, топ-10-ның төменгі бөлігіндегі үш құраманы аз ғана ұпай айырмашылығы бөліп тұр.
Алғашқы үштікте де өзгеріс жоқ. Бразилия 1684,97 ұпаймен әлемдік рейтингтің көшін бастап келеді. Португалия 1575,32 ұпаймен екінші, ал Испания 1574,39 ұпаймен үшінші орында.
Төртінші орында – Аргентина (1513,38), бесінші – Иран (1507,71). Одан кейін Марокко (1497,3) мен Ресей (1428,98) орналасқан.
25 қыркүйектегі ФИФА рейтингі бойынша алғашқы ондық төмендегідей:
1. Бразилия – 1684,97
2. Португалия – 1575,32
3. Испания – 1574,39
4. Аргентина – 1513,38
5. Иран – 1507,71
6. Марокко – 1497,3
7. Ресей – 1428,98
8. Қазақстан – 1403,8
9. Украина – 1400,89
10. Франция – 1397,25