Еркін күрес

«Ескі жарақаттары сыр берді». Бас бапкер еркін күрес шеберлерінің Олимпиададағы аяқ алысын бағалады

«Ескі жарақаттары сыр берді». Бас бапкер еркін күрес шеберлерінің Олимпиададағы аяқ алысын бағалады
news-banner7
mobile-news-top

Еркін күрестен Қазақстан командасының бас бапкері Әсет Серікбаев балуандардың Токио бозкілеміндегі көрсеткішіне баға беріп, жеңіске жету жолында қандай кедергілер болғанын айтты, деп хабарлайды Olympic.kz.

Отандық еркін күрес шеберлері Олимпиада ойындарынан бір қола жеңіп алды. 57 келідегі Нұрислам Санаев Токиода үздік үштікке енген болатын.

Ал Дәулет Ниязбеков (65 келі) пен Данияр Қайсанов (74 келі) қола медаль үшін күресте қарсыластарына есе жіберіп, бесінші орынды қанағат тұтты.

«Нұрислам Санаев қола медаль иеленіп, бәрімізді қуантып отыр. Ол өте жақсы күресті. Басты қателігі – жеңіске жеттім деген оймен ерте қуанып қойды. Өзінің күресін соңына дейін көрсете алмады. Әдіс жасаймын деп ұмтылып, қарсы әдіске түсіп қалды. Әрине, Санаевтан бұдан да жоғары нәтиже күттік, бірақ, қоланың өзін үлкен жетістік деп есептеймін. Бұл жалғыз біздің емес, тұтас команданың, ел спортшыларының және жаттықтырушылардың арқасы деп ойлаймын. Өйткені, ауызбіршілік жақсы болса, нәтиже жақсы болады.

Юсуп Батырмурзаевтан дәл мұндай күрес күткен жоқпын. Ұпай айырмашылығы үлкен болғасын, қарсыласын бағаламады. Соның салдарынан қарсы әдіске түсіп қалды. Тезірек жеңемін деп асығып кетті, үлкен қателік бұл.

Данияр Қайсанов екі кездесуін жақсы өткізді. Өте сауатты күресіп, салқынқандылық танытты. Жартылай финалда Ресей балуанынан ұтылды. Сидаковты бәрі жақсы біледі, соңғы екі әлем чемпионатының жеңімпазы. Бірінші кезеңде төтеп бергенімен, екінші кезеңде шаршап қалды.

Ал қола медаль үшін күресте ескі жарақаттары сыр берді. Әсіресе, Заурбекпен белдесу кезінде белін ауыртып алған болатын. Кіші финалда бұл үлкен кедергі болды.

Дәулет Ниязбековтің де жолын байлаған жарақаты. Естеріңізде болса, биылғы Азия чемпионаты қарсаңында Дәулет мойнын ауыртып алып, біріншіліктен сырт қалған болатын. Бірақ Олимпиада басталғанша оның жарақатын емдеп, жарысқа нағыз бабында алып келдік. Жарыстың бірінші күнінде ол еш жерін ауырсынған жоқ. Ал екінші күні, Сенегал балуанымен жұбаныш белдесуіне шыққанда қайтадан жарақаты мазалады. Қола медаль үшін күресте ұтылуының себебі осы.

Әлішер Ерғалиге үлкен әділетсіздік жасалғанын көрдіңіздер. Жеңіп тұрған баланың бағын байлады. Әйтпесе, оның да жүлдеге таласатын мүмкіндігі мол еді.

Негізі, жігіттерді Токио Олимпиадасына нағыз бабында алып бардық. Баппен қатар, бақ та керек. Кей жерде сәл ғана бақ жетпей қалған шығар. Енді аздаған үзіліс алып, қайтадан дайындықты жалғастырамыз», - деді бас бапкер.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер