Бибісара Асаубаева мен Ринат Жұмабаев шахматтан Әлем кубогының екінші айналымына шықты
Сочиде өтіп жатқан шахматтан Әлем кубогында Қазақстанның екі спортшысы жарыстың екінші айналымына өтті, деп хабарлайды Prosports.kz.
Ерлер арасындағы турнирде қазақстандық гроссмейстер Ринат Жұмабаев сириялық Башир Эйтиге қарсы екі ойында да жеңіске жетті. Енді 1/64 финалда ливиялық Абобкер Мохамед Эларабиді ұтқан ресейлік Александр Мотылевке қарсы ойнайды.
Әйелдер арасындағы жарыста халықаралық шебер Бибісара Асаубаева бірінші айналымда кубалық Ерисбел Миранда Лланеспен ойнады. Бірінші ойында қазақстандық шахматшы қараман жеңді, ал екінші кездесуде тең аяқталды. 1,5:0,5 есебімен жеңіске жеткен Ассаубаева жерлесі, халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлікпен шеберлік сынасады.
Тағы бір қазақстандық шахматшы Динара Сәдуақасова Әлем кубогындағы жолын 1/32 финалдан бастайды. Оның қарсыласы 14 шілдеде поляк Клаудия Кулен мен американдық Дженнифер Ю арасындағы ойында анықталады.