Live
Спорттағы коронавирус

Абраев: «Ақтөбе» мен «Атыраудың» стадионына жанкүйерлердің кіруі - ереже бұзушылық

Абраев: «Ақтөбе» мен «Атыраудың» стадионына жанкүйерлердің кіруі - ереже бұзушылық

Футболдан ел чемпионатында екінші тур қатарынан стадионға жанкүйер кіруге байланысты дау шықты. Алдымен «Таразда», кейін «Ақтөбе» мен «Атыраудың» алаңына жанкүйер жиналды. ҚКФЛ президенті Олжас Абраев жағдайды түсіндіріп, қай клубтың ереже бұзғанын, қай клубтың бұзбағанын айтты, деп жазады Prosports.kz.

- Мен бірден атап өткім келеді: біз, ҚКФЛ жанкүйерлердің стадионға кіргеніне қарсы емеспіз. Бұл мәселеде клубтарға көмектесуге дайынбыз. Бірақ шешімді жергілікті санитарлық дәрігерлер қабылдайды. Көрермендердің стадионға кіру-кірмеуі осыған байланысты. Облыстың «қызыл», «сары» немесе «жасыл» аймақта тұрғаны маңызды емес, бәрін облыстың бас дәрігері шешеді.

Жанкүйерлер қатысуы матч алдындағы кездесуде келісілуі керек. Инспекторлар бізге матчтар көрерменсіз өтетіні туралы ақпарат берген. «Ақтөбе» мен «Атыраудың» стадионына жанкүйерлердің кіруі қолданыстағы ережелерді бұзу саналады. Өйткені матчтың қауіпсіздік ережесі осыған байланысты бұзылған.

Лига барлық материалды зерттеді және екі жағдай да, «Ақтөбе» - «Астана» және «Атырау» - «Каспий» матчы федерацияның Тәртіптік-бақылау комитетіне жіберілді. ҚФФ қандай шешім қабылдайтынын айта алмаймын.

- Жанкүйерлер «Ақтөбе» стадионына қалай кіргені анықталды ма?

- Клуб мұны қаланың «сары» аймаққа өтуіне байланысты жоспарлағанын мәлімдеді. Бірақ біз істі ТБК-не өткіздік. Ойын алдында кездесуді көрерменсіз өткізу туралы шешім қабылданғанын білдік. Сондықтан, стадионға жанкүйерлердің кіруі - бұл ереже бұзушылық.

- Ал «Атыраудағы» матч ше?

- Матчтың дәл алдында клуб стадионға жанкүйерлерді кіргізе бастады, бұл да ереже бұзушылық. Өйткені бұл ойынға дейін келісілмеген.

- «Тараз» - «Ақтөбе» (3:1) матчы жайлы да айтсаңыз. Ойыннан бір күн бұрын клуб жанкүйерлердің келуіне тыйым салынғанын жариялады, бірақ трибунада 1000 жанкүйер болды.

- Иә, бұған дейін Таразда көрермендердің келуіне тыйым салынды. Бірақ матч өтетін күні қала билігінен жанкүйерлерді кіргізуге рұқсат алынды. Сондықтан заңды түрде барлық норма сақталды.

- Сіздің айтуыңызша, қаланың қай аймақта орналасқанына қарамастан, ойынға жанкүйер кіргізу мәселесін бас дәрігер шешеді екен. Демек, теория жүзінде қала «қызыл» аймақта тұрса да жанкүйерлер стадионға кіре ала ма?

- Иә. Жанкүйерлердің алаңға кіру-кірмеу мәселесі бас санитар дәрігердің құзыретіндегі мәселе. Тіпті дәрігерлердің «жасыл» аймақта тұрған қалада да стадионға көрермен кіруіне тыйым салған жағдайлар болған. Мұның бәрі алдағы уақытта эпидемиологиялық жағдайдың нашарлап кетуінің алдын алу мақсатында жасалып отыр. 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0