Бокс

GGG жеңіспен оралды, Ахмедов өз тактикасынан «таяқ жеді»

GGG жеңіспен оралды, Ахмедов өз тактикасынан «таяқ жеді»
news-banner7
mobile-news-top

Бүгінгі күн қазақ боксы үшін сәтті болды деп айта алмаймыз. Иә, Геннадий Головкин өзінен деңгейі әлдеқайда төмен поляк Камил Шереметаны қарсылас құрлы көрген жоқ. Қарағанды тумасы кәсіби рингте 41-мәрте жеңіс тойын тойлады. Өкініштісі, Головкинің алдында шаршы алаңға шыққан Әли Ахмедов алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татты. Prosports.kz тілшісі Фараби Әбдіхалық АҚШ-та өткен екі жекпе-жектің қалай өрбігенін бақылап, боксшыларымыздың болашақтағы бағыты жайлы сөз қозғады.

Дәл бүгінге дейін жеңілмеген деген дардай атағы болғанымен, Шеремета Головкинді тізе бүктіреді дегенге сенгендер аз болды. Тіпті, поляктың өзі де, бапкерлері де жағдайдың қалай өрбитінін іштей сезген болар. Қанша жерден жекпе-жек барысында алға ұмтылып, жеңістен дәмесі бар екен аңғартуға тырысқанымен, Геннадийдің жойқын соққылары Шереметаны көктен жерге түсірді. Төрт мәрте тізесі жерге тиді. Ақыр аяғы поляктың бапкерлері жетінші раундтан кейін шайқасты жалғастырудың мәні жоқ екенін түсініп, төрешіден жекпе-жекті тоқтатуды өтінді.

Камил Шереметаның нокдаунға түскен сәті

Бір жылдық үзлістен кейін GGG рингке жеңіспен оралды. Қарсыластың деңгейі төмен екенін ескерсек, Головкиннің дайындығына баға беру, деңгейін межелеу қиын. Қазақстандық боксшыға Шеремета шешілмейтін түйін ұсынған жоқ. Жекпе-жек аяқталған соң, басылымдар Сауль Альвареспен үшінші кездесу жайлы жарыса жазып жатыр. Мексикалық боксшы ертең Калум Смитпен кездеседі. Головкиннің мансабының бар мақсаты - Альвареспен тағы бір кездесіп, оны жеңу. Ал, Сауль қазақстандыққа енді мүмкіндік бермеймін деп бірнеше рет қадап айтқан еді. Олай айтуға құқығы бар, көзір өзінің қолыңда.

Сауль «Канело» Альварес пен Геннадий Головкин

Беделді басылым The Athletic көктемде Головкин тағы бір мексикалық Хайме Мунгиямен кездесетінін жазды. 24 жастағы бұл боксшы өте мықты. Бірде-бір мәрте жеңілмеген, 36 жеңісінің 29-ын нокаутпен аяқтаған. Осы шайқаста жеңіске жетсе ғана GGG бітіспес қарсыласы Альваресті тығырыққа тірей алады. DAZN ұйымы да Головкинге реванш әперуге ниетті екені сөзсіз. Себебі өзіне өте тиімді.

Әли Ахмедовтың жеңілісі күтпеген жағдай болды. Болашағы жарқын, кәсіби бокс үшін жас боксшымыз эквадорлық Карлос Гонгорадан ұтылып қалды. Алғашқы титулдық жекпе-жегі сәтсіз аяқталып, IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағына қол жеткізе алмады.

Әли Ахмедов

Ахмедов соңғы екі жекпе-жегін үшінші және бірінші раундтарда аяқтаған еді. Гонгорамен шайқастың алғашқы секундтарынан Әли қарсыласқа жұдырығын ала жүгірді. Бірінші раундтан кейін бапкерлердің ескерткенін тыңдамады. Джонатан Бэнкс: бұл чемпиондық жекпе-жек, ашық айқасқа барудың қажеті шамалы, бокстас, өзіңді еркін ұста, асықпа - деп ақыл-кеңесін аямады.

Бапкердің тілін алмағанына Әли үшінші раундтан кейін өкінді. Алғашқы екі раундта қарсылас қарқынына төтеп берген эквадорлық боксшы төртінші раундтан бастап рингте өзің суда жүзген балықтай сезінді. Әлидің соққысында ендігі күш те қалмаған еді. Ал Гонгора болса білгенін жасады. Өте төзімді боксшы екен. Біздің Әлимен салыстырғанда, жекпе-жекке тыңғылықты дайындалғаны, қарсыласты әбден зерттегені көзге ұрып тұрды. Он екінші раундта рингте құр сүлдері қалған Ахмедовты нокдаунға түсірді, кейін бірнеше минут өз аяғында тұра алмайтындай етіп, иектің астынан жойқын соққы бағыттап, нокаутқа жіберді. Сөз жоқ, әділетті жеңіс.

Карлос Гонгораның Әли Ахмедовты нокаутқа түсірген сәті

Әли кәсіби бокста алғаш рет үлкен сабақ алды. Жекпе-жектің 10-12 раундқа созылатынын да түйсігімен түсінсе керек. Өз соққысына шексіз сеніп, қарсыласты зерттемеу үлкен қателік боларына көзі жетті. Мойымау керек, жас жігіттің жеңісті күндері әлі алда.

Мәліметтерге сенсек, келер жылы қос боксшы арасында реванш жекпе-жек ұйымдастырылады. Бір қызығы, нокаутқа дейін төрешілердің есебі бойынша Ахмедов соққылар саны жөнінен біршама алда тұр екен. Яғни, 12-раундты қазақстандық боксшы құламай төтеп бергенде, жеңіс Ахмедовтың еншісінде қалатын еді. Бірақ, алғашқы екі раундта ғана Әли айқын басым болды, екі-үш раунд тең дәрежеде өтті десек, қалған алты раунд Гонгара пайдасында қалды. Бұдан эквадорлық сәл басым болса да, ұйымдастырушылар Ахмедовтың қолын көтеретін еді деп топшыладық. Себебі жекпе-жек алдында 25 жастағы боксшымыз айқын фаворит саналды. Ал бокста фаворитке қашан да тағы бір мүмкіндік беріледі.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер