Үстел теннисінен Қазақстан командасы жылдың соңғы жиынын аяқтады
Үстел теннисінен Қазақстан жастар және ересектер командасы жылдың соңғы жаттығу жиынын аяқтады деп жазады Olympic.kz.
Ұлттық құраманың бас бапкері Эльмира Әлиева жаттығу жиынын қорытындылады.
«Бұдан бұрынғы жиындарда негізінен жалпы дене жаттығуына көңіл бөлгенбіз. Осы жолы ойынның техникалық және тактикалық аспектілеріне басымдық бердік. Спортшылардың жақсы жақтарын одан әрі дамытып, әлсіз тұстарын күшейтуге тырыстық.
Жиынның басты мақсатын орындап, жаңа маусымға толыққанды дайындалдық. Теннисшілердің барлығы да бабына еніп, келер маусымды асыға күтуде. 2021 жылдағы ең үлкен мақсатымыз – Олимпиада ойындарына жолдама алу.
Осы орайда, команда үздігі Кирилл Герасименкоға үлкен үміт артып отырмыз. Бүгінде ол Азия аймақтық іріктеу турниріне жеке жоспары бойынша, Германиядағы «Вердер» клубының сапында жаттығуда», - дейді бас бапкер.