«Жоқ! Жалғас сөзсіз жеңді»
Дүние жүзінде Жалғас Жұмағұловтың UFC дебютінде Раулиан Пайвадан жеңілгенін әділетсіздік деп бағалап жатыр. Мұндай пікірді MMA мамандары мен шетелдік журналистер жазған. Prosports.kz тілшісі Жұмағұлов - Пайва кездесуі туралы пікірлерді топтастырды.
Қазақстандық файтер Қуат «Найман» Хамитов Instagram желісіндегі ресми парақшасында Жалғас Жұмағұловтың міндетті түрде UFC чемпионы болатынына сенім білдірді.
«Мен Жалғастың UFC чемпионы болатынына күмән келтірмеймін. Бұл уақыт еншісіндегі нәрсе. Біз айқаста жеңілсек те, майданда жеңілген жоқпыз. Бізге төрешілер, тарақандар, халық қарсы шығуы мүмкін, алайда біз соңына дейін күресеміз. Чемп, біз біргеміз!»,- деп жазды Хамитов.
Жұмағұлов - Пайва кездесуіне келіспейтіндер бар екенін UFC де түсінген болатын. Мысалы, UFC-дің Ресейдегі Instagram-парақшасы фалловерлерінен төрешілер шешімі туралы пікірін сұраған.
«Өкінішке қарай, Жалғас Жұмағұлов тартысты, жақын кездесуде жеңіліп қалды. Шешіммен келісесіздер ме?», - деп жазылған ресми UFC Russia парақшасында.
Бұл парақшаға жазылушылар қатарында UFC-дің өзбекстандық файтері Заррух Адашев те бар екен. Ол бұл кездесуде Жалғастың жеңгенін мәлімдеді.
«Жоқ! Жалғас сөзсіз жеңді», - деп жауап берді ол.
Жұмағұловтың менеджері Серік Әбдірахмановтың айтуынша, Жалғастың жеңгенін UFC өкілдері мен матчмейкерлер де мойындаған.
«Төрешілердің шешімімен келіспейміз. Жалғас екінші және үшінші раундта жеңді деп санаймыз. Егер қарсылас салмақ түсірмегенін және ереже бұзғанын ескерсек, төрешілер Жалғасты таңдауы керек еді, бірақ олар жекпе-жекті басқаша көрді.
Өкінішке қарай, төрешілердің қате шешімдері - ММА-дің бір бөлігі, сондықтан оларды айналып өту мүмкін емес. Ең бастысы, UFC командасы мен матчмейкер Жалғас жеңді деп санайды, сондықтан бұл нәтиже оның ұйымдағы жағдайына әсер етпейді», - деді Әбдірахманов.
Қазақстандық ММА сарапшысы Айдар Махметов кездесудің нәтижесі түсініксіз екенін жазған.
«Өкінішке қарай, Жалғас Жұмағұлов дебюттік жекпе-жегінде бразилиялық Раулиан Пайвадан жеңілді. Көбінің пікірі бойынша, Жалғас жеңіске лайық болды. Түсініксіз шешім», - деді Махмедов Telegram-каналында.