«Сарбаздар аралындағы» турнирдің шығынын БАӘ мойынына алды
12 шілдеде (Нұр-Сұлтан уақытымен) UFC-дің Fight Island-дағы («Сарбаздар аралы») төрт турнирінің алғашқысы өтеді, деп жазады Prosports.kz.
UFC 251 турнирі Абу-Дабидегі (БАӘ) Яс аралында өтеді.
Бірнеше ай бұрын UFC президенті Дана Уайт коронавирус пандемиясы кезінде аралда турнир өткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Онда әр елдің спортшылары келіп өнер көрсете алады. Сол кезде көп адам компания аралды сатып алуы керек деп ойлаған. Бірақ Уайт аралды сатып алмайтынын айтты.
UFC директорларының бірі Лоуренс Эпштейннің айтуынша, БАӘ Яс аралында жекпе-жек кешін өткізуге жол беріп ғана қоймай, сонымен қатар көлік шығындары, тұрғын үй, жаттығу бөлмелері, турнирге қатысушылар үшін тамақтану шығынын өз мойынына алған, сондай-ақ турнирлерді өткізу үшін де қаржы төлеген.
БАӘ мұнша шығынды өз мойынына бекер алып отырған жоқ. Абу-Даби туризм басқармасының басты мақсаты - әлемге Яс аралының керемет мүмкіндіктерін таныстыру. Идеяның мәні мынада: әлем қалыпты жағдайға оралғанда, адамдар телеэкраннан көргендерін көзбен көру үшін Яс аралына ағылатын болады.

Айта кетейік, UFC 251 турнирінде қазақстандық файтер Жалғас Жұмағұлов та өнер көрсетеді. Жұмағұлов аталған кеште 24 жастағы бразилиялық файтер Раулиан Пайвамен жұдырықтасады. Жұмағұлов-Пайва жекпе-жегі Нұр-Сұлтан уақытымен 05:00-де өтеді. Жекпе-жек кешін Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Бұл кештің басты жекпе-жегінде жартылай орта салмақта UFC чемпионы Камару Усман мен Гилберто Бернс жұдырықтасады.
