«Жетісу-Б» бас бапкерімен қоштасты

Талдықорғандық «Жетісу» футбол клубы жастар командасының бас бапкері Константин Горовенко қызметінен кетті, деп жазады Prosports.kz.
Клубтың баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Жетісу-Б» командасының Горовенко бастаған бапкерлер алқасы жұмыстан кеткен. Клуб басшылығы жаттықтырушыға алғыс айтып шығарып салған көрінеді.
Константин Александрович «Жетісу-Б» командасымен үлкен жетістіктерге жетті деуге негіз бар. Ол талдықорғандық жастар командасының тізгінін 2018 жылдың қаңтарында ұстады.
«Жетісу-Б» Қазақстан Бірінші лигасының 2019 жылғы маусымында 5-орын алды. «Қызыл-Жар СК», «Каспий», «Ақжайық», «Алтай» сынды Премьер-лигаға шығуды мақстат ететін клубтарға ғана есе жіберді. 2018 жылы да маусымды дәл осындай нәтижемен аяқтаған.
Сонымен қатар, «Жетісу-Б» командасында жемісті өнер көрсеткен бірқатар жергілікті жас ойыншы негізгі командаға шақырылды.
Айта кетейік, Константин Горовенко ойыншы ретінде «Қайрат», «Сұңқар», «Қайнар» командаларында өнер көрсетті. Ал бапкер ретінде «Жетісу-Б» командасынан бұрын «Қайраттың» жастарын жаттықтырған.