Жаттықтырушы: Спортшылар дәрі-дәрмек қабылдағанда өте мұқият болуы керек
<span>Конькимен жүгіру спортынан мемлекеттік жаттықтырушы Кенжеш Сәрсекенова допингпен ұсталған спортшылардың жазасын күшейтетін заңға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, байқамай шалыс басқан бір ғана қадам спортшының келешегіне қатер төндіреді.</span>
<span>«Спортшы таза болуы керек. Бүкіл дүние жүзінде спортшылардың бәрі допингтен таза болып, жарыста өзара мықтыны анықтаса – нағыз спорт деген сол. Біздің буынның спортшылары - таза өз күшімен, еңбегімен көтерілген азаматтар. Жас кезімізде ешқандай витамин берілмейтін. Ойлап қарасаңыз, спортшы допинг қолданып, жеңіске жетіп жатса, оның ақыры допинг қолданғаны анықталмай кетсе де абырой емес. Сол үшін спортшының ары таза болуы тиіс», - дейді Кенжеш Сәрсекенова ҚазАқпарат тілшісіне. </span>
<span>Конькимен жүгіру спортынан жаттықтырушы өз басынан өткен жағдай туралы баяндап берді. «1993 жылы Нью-Йоркке жарысқа бардым. Ол кезде допинг мәселесі бүгінгідей өткір емес-тін. Сол жолы суық тиіп, ауырып қалдым. Үлкен супермаркеттен барып, ыстық шығаратын, мұрынға тамызатын дәрі алдым. Спортшыларды допингке тексеру барысында мамандар менің жөтеліп, өзімді жайсыз сезініп тұрғанымды көрді. «Қандай да бір дәрі қабылдадыңыз ба?» деп сұрады. </span>
<span>Сол кезде дәрі ішкенімді айтып, дәрі-дәрмектің қораптарын көрсеттім. Қорапты көргеннен кейін мамандар тынышталды. Сөйтсем, дәрінің құрамында дау туғызатын компоненттер бар екен. Яғни, спортшыларға енді өте мұқият болу керек. Спортшылар да адам. Темірден жаралған жоқ. Десе де, ауырып қалса, бірден дәрігер мен жаттықтырушысына хабар беруі керек. Бәрін келісіп отырған абзал», - дейді ол.</span>