Тарих! «Астана» елордада «Манчестер Юнайтедті» жеңді

Тарих! «Астана» елордада «Манчестер Юнайтедті» жеңді
news-banner7
mobile-news-top

Еуропа лигасының топтық кезеңінде «Астана» ағылшындық атақты клуб «Манчестер Юнайтедпен» кездесіп, тарихи жеңіске жетті, деп хабарлайды Prosports.kz.

Плей-офф кезеңіне шығу мәселесін шешіп қойған «МЮ» Қазақстанға екінші және үшінші құрамның футболшыларын ғана алып келген еді. Бірінші таймда «Астана» алаңдағы футболшылардан емес, «Манчестер Юнайтедің» атағынан үріккендей, допты қарсыластың жас футболшыларына беріп қойды. Қонақтардың голы ұзақ күттірген жоқ. Осы матчтағы команда капитаны, негізгі құрамнан мүлдем орын ала алмай жүрген Джесси Лингард алыстан әдемі соққы бағыттап, допты Ненад Эрич қақпасының торында тулатты.

Алғашқы таймның аяғына дейін Қазақстан чемпиондары ес жия алмады. Роман Григорчук шәкірттерінде таразы басын теңестіретін бір ғана мүмкіндік болды. Абзал Бейсебековтың өткір пасынан Дорин Ротариу нәтиже шығара алмады.

Кездесудің екінші бөлігінде елордалықтар тұшымды шабуылдар ұйымдастыра бастады. Дмитрий Шомко есепті теңестіре білді. Осы ойындағы үздік футболшылардың бірі Шомко қарсылас айып алаңында тәжірбиелі шабуылшы секілді гол соқты. Роман Муртазаевтан пас алған қорғаушымыз, допты қабылдап алып, алыс бұрышты дәл көздеп, мергендік танытты.

Елордалықтардың екінші голының соғылуына оң қапталдағы қорғаушы Антонио Рукавина өз еңбегін сіңірді. Сербиялық легионер оң қапталдан айып алаңның ортасын пас асыруға тырысқан. Доп жол-жөнекей қарсылас қорғаушысының аяғына тиіп, бағытын өзгертіп, қақпаға еніп кетті.

Ойынның аяғына дейін ағылшындық командада екінші голды соғып, Нұр-Сұлтаннан кемі бір ұпай алып кететін мүмкіндіктер болды. Алайда, Ненад Эрич екі мәрте керемет сэйв жасап, тарихи жеңісті командасы үшін сақтап қала алды.

Осылайша «Астана» 2019/2020 маусымдағы Еуропа лигасы топтық кезеңіндегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. «Манчестер Юнайтед» топта тұңғыш рет жеңіліс құшты.

Қазақстан чемпиондары соңғы матчты 12 желтоқтан күні Сербияда «Партизанға» қарсы өткізеді.

Еуропа лигасы. L тобы. 5-тур

«Астана» (Нұр-Сұлтан) – «Манчестер Юнайтед» (Манчестер) – 2:1(0:1)

Голдар: Лингард 10 (0:1), Шомко 55 (1:1), Бернард (өз қақпасына – 2:1)

«Астана»: Эрич, Рукавина, Ротариу, Сигурионссон, Бейсебеков, Майевский, Логвиненко, Постников, Мұртазаев, Шомко, Хижниченко;

«Манчестер Юнайтед»: Грант, Лингард, Шоу, Гринвуд, Гомес, Гарнер, Туанзеб, Лэйрд, Чон, Бернар, Левитт.

28 қараша. Нұр-Сұлтан. «Астана Арена».

Түпнұсқасы: prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер