9 қазан

«GGG» дәуірі аяқталды ма - Әлемдік бокс сарапшыларының пікірі

Журналист
Тегтер: Головкин
«GGG» дәуірі аяқталды ма - Әлемдік бокс сарапшыларының пікірі

Орта салмақта IBF және IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанған қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (40-1-1, 35 КО) мен украиналық Сергей Деревянченконың (13-1, 10 КО) жекпе-жегі, әсіресе кездесудің нәтижесі бокс әлемінде үлкен пікірталас тудырды.

Айта кетейік, Геннадий Головкин 6 қазан күні орта салмақта IBF және IBO чемпиондық белдіктерін сарапқа салып, төрешілер шешімімен (114-113, 115-112, 115-112) жеңіске жеткен болатын. Алайда қазақстандық боксшы жекпе-жекте өзіне көп соққы өткізіп, бұрынғыдай қарсыласын айқын басымдықпен жеңе алмағаны анық байқалды. Жалпы Головкин спорттық мансабында ең қиын жекпе-жек өткізгенін мойындады. Сондай-ақ «GGG» Сергей Деревянченко құрметке лайық қарсылас екенін де айтты.

Бұрынғыдай айқын басымдық жоқ

Boxingscene порталының спорт тілшісі және комментатор Кори Эрдман Головкин-Деревянченко жекпе-жегінен кейін қазақстандық боксшы айқын басымдықпен жеңіске жете алмады деп санайды.

Оның пікірінше, Геннадий Головкин алғашқы раундтардан кейін басымдық көрсете алмай, өзіне көп соққы дарытып алды. Қазақстандық 12 раундқа дейін бокстасқанымен, шабуылы және ауыр соққылары бұрынғы кездесулеріне қарағанда едәуір азайған.

«Әрине, бұл жерде қарсыластың әлеуеті де жоғары болды. Головкиннің бірнеше жыл бұрынғы физикалық жағдайы жақсырақ еді. Егер Деревянченко Головкинмен Дэниел Джейкобс және Сауль Альварестен бұрын жұдырықтасса, оның ең мықты қарсыласы болары анық. Себебі ол - орта салмақтағы ең мықты боксшылардың бірі»,- деді Кори Эрдман.

Жаңа тактика шабуылға әсер етті

Геннадий Головкин жаттықтырушысы Джонатон Бэнкс бұл жекпе-жекте қорғанысқа көңіл бөлгенін айтады. Сондықтан CompuBox (Computerized punches scoring system) статистикасынан «GGG» қарсыласқа бағыттаған джеб (Jab) саны айтарлықтай азайғанын байқай аламыз.

Салыстыратын болсақ, Головкин - «Канело» рематчында қазақстандық боксшы қарсыласқа 547 джеб соққысын бағыттаған болатын. Ал Деревянченкоға қарсы жекпе-жекте Головкин 406 джеб бағыттап, 107-сін дәл тигізген.

Жекпе-жектің қазақстандық боксшыға ауыр тигенінің бір себебі - қарсыластың ішке және басқа бағыттаған ауыр соққыларының көптігі. Ауыр соққы Головкиннің физикалық күшіне және жылдамдығына айтарлықтай әсер етті.

CompuBox статистикасы көрсеткендей, «GGG» 12 раундта 314 ауыр соққы бағыттап, 136 соққыны дәл тигізді. Ал қарсыласы 472 ауыр соққы бағыттап, оның 183-ін дарыта білген. Бұған дейін Головкин ешбір қарсыласынан ондай ауыр соққылар алмаған еді.

Головкин қартайғандай көрінді...

Головкин - Деревянченко жекпе-жегінен кейін танымал боксшылар белдесу туралы өз ойларымен бөлісті.

«37 жасқа келген Головкин қартайғандай көрінді. Ол алғашқы раундтарда жақсы бокстасқанымен, Деревянченко 5-раундтан бастап кұш ала бастады. Әсіресе осы раундта ол Головкиннің ішіне ауыр соққы жасады. Осыдан кейін GGG шаршап қалды. Деревянченко жеңіске жете алмаса да тамаша өнер көрсетті, енді оның табысы айтарлықтай жоғарылайды», - дейді 2013 жылы Головкиннен жеңілген ағылшын боксшысы Мэттью Маклин (35-6, 22КО).

Жеңіл салмақта WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Девин Ханейдің (23-0,15КО) айтуынша, жекпе-жекте тең нәтиже тіркелу керек еді.

«Головкиннің жекпе-жегіне көңілім толмады. Бұған дейін ол Деревянченконы жекпе-жектің екінші жартысында нокаутқа жібереді деп топшылаған едім. Менің ойымша, олар тең түсті. Ол енді Альваресті жеңе алмайды», - деді америкалық боксшы.

Ауыр салмақтағы америкалық боксшы Джаррелл Миллер Деревянченко жеңіске жетті деп санайтынын жасырмады. Оның пікірінше, Головкинге қарағанда қарсыласы көбірек белсенді болды.

«GGG» дәуірі аяқталды ма?

Геннадий Головкин 37 жаста. Бокс спорты үшін жас маңызды рөл атқаратыны белгілі. Одан бөлек, «GGG»-дың кәсіпқой мансабында ең мықты қарсыластар соңғы бірнеше жылда пайда болды. Ұзақ жылдар бойы орта салмақта ұстемдік етуі оған тактика және тәжірибелік тұрғыдан өсуіне кедергі келтірді. Сол себепті Дэниел Джейкобс және Сауль Альварес оның бокстасу мәнерін, тіпті кемшіл тұстарын таба білді.

Головкин – Джейкобс кездесуінде қазақстандық боксшы спорттық мансабында алғаш рет 12 раунд бокстасты. Жекпе-жекте «GGG»-дың осал тұстары ашыла бастады.

Ал мексикалық Сауль Альвареспен болған алғашқы жекпе-жекте Головкин өзінің жойқын шабуылымен чемпиондық атақтарын сәтті қорғап қалды. Алайда екінші кездесуде жас боксшының тактикалық жақтан өскені, ал Головкиннің бокстасу мәнері өзгеріссіз қалғаны байқалды. Соққы жағынан алда болса да, Альварестің белсенділігі мен ұтымды тактикасы төрешілердің шешіміне әсер еткен сыңайлы.

Үш жекпе-жекте де Головкин көп соққы өткізіп алды. Жас факторы енді оған тактикалық жақтан өсуіне мүмкіндік бермейді.

Объективті себептерге байланысты Головкиннің спорттық мансабы соңғы кезеңдеріне келіп жетті. Сондықтан, сарапшылардың пікірінше, оған Альвареспен үшінші жекпе-жек өткізуге қарағанда, Деметриус Андраде (28-0,17КО) және Билли Джо Сондерс (28-0,13КО) сынды чемпиондардың белдігін жеңіп, бокс тарихындағы өз есімін алтын әріппен жазып кеткені көбірек тиімді болар еді.

Түпнұсқасы:inform.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Тегтер: Головкин
Пікірлер 0

Пікір қалдырасыз ба?

Кіріңіз, Тіркеліңіз немесе әлуметтік желі арқылы кіріңіз:

Үздік материалдар

Спасибо. Сообщение об опечатке отправлено нашим редакторам.

Сіз тіркеуден өттіңіз! Сайтымызға кіру үшін авторизацияны қолданыңыз.