Ресми: «Ақтөбе» футболшылар алдындағы барлық қарыздарын өтеп болды
2018 жылдың басында «Ақтөбе» футбол клубы бұрынғы ойыншылар мен бапкерлерге қыруар ақша қарыз болып тұрған еді. Екі жылға жетер-жетпес уақытта клуб барлық қарыздарын толықтай өтеп болды, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.
«Ақтөбе» ФК бас директоры Самат Смақов клуб баспасөз қызметіне осы жағдай туралы баяндап берді:
- Өздердіңізге белгілі, біздің басты мақсатымыз – барлық қарыздарды толықтай төлеп құтылу еді. Қарыздар, түрлі арыздар, талаптар мен санкциялардың қара бұлты сонау 2016 жылдан бастап үйіріле бастаған еді. Дәл сол кезден бастап команданың жағдайы нашарлай бастады. Бұрынғы басшылар істі кейінге қалдыра берген, басты орган ФИФА-ның шешіміне қарамастан, жергілікті инстанциялар арқылы футболшылармен соттасқысы келген. Сол себепті де барлық істер зая кеткен, қаржылай санкциялар жинала берді. Ақырында 2018 жылы команда алты ұпайынан айырылды. Ал биыл жыл басында тағы он екі ұпай алынып, командаға жаңа ойыншыларды тіркеуге тыйым салынды.
Неконың алдындағы қарызымыз ең қиын істердің бірі болды. Төлем мерзімінің өтіп кетуі себепті ойыншы алдындағы қарыз бірнеше есе өсіп кеткен. Дәл осы Некоға дер кезінде төлемегенімізде, бізді «Ақтөбені» төменгі лигаға жіберу санкциясы» күтіп тұр еді. Сөйтсе де футболшы және оның өкілімен бір мәмілеге келе алдық.
Дәл бүгінгі күні мен сенімді түрде айта аламын: «Ақтөбе» футбол клубы бұрынғы ойыншылар мен бапкерлерінің алдындағы барлық қарыздарын өтеп болды. Енді клубқа қарыздарға байланысты ешқандай тыйымдар мен санкциялардың қаупі жоқ. Үстімнен ауыр жүк түскендей әсердемін!
Бізге көмектескен, қолдау білдірген барша жандарға рахметімді айтамын. Ең әуелі облыс әкімі Оңдасын Сейілұлы Оразалин мырзаға бізге жан-жақты қолдау көрсеткені үшін алғысым шексіз.
Сонымен қатар, біздің 12-ші ойыншымыз – біздің жанкүйерлерімізді айтып өтпеске болмайды. Аутсайдердің ойынында стадион тола жанкүйер отыруы бүкіл Қазақстанды қайран қалдырды. Жеңсек те, жеңілсек те жанкүйерлер командамен бір болды. Көптеген ойындарда дәл осы жанкүйерлердің қолдауы себепті жеңісті жұлып әкетіп жаттық. Клубтың болашағына келсек, команда Премьер-лигада қалу үшін соңына дейін күресетін болады, - деді Смақов.