Бұйырмай кеткен бір ұпай

Бұйырмай кеткен бір ұпай
news-banner7
mobile-news-top

Матч қарсаңында ресейлік мамандар мен журналистер, жанкүйерлер Ресейдің ірі есеппен жеңетініне еш күмән келтірмеген болатын. Оған себеп көктемде Қазақстан құрамасының өз алаңында ірі есеппен жеңілуі еді.

Матч бастала салысымен Непогодов қақпасына лап қойған орыстар екі тайм бойы шабуылдады. Оған дәлел қақпаға бағытталған 25 соққы, бірақ алаң иелері тек 3 соққыны ғана тура теуіпті. Біздің команданың мазасын алған Александр Головин болды. «Монаконың» жартылай қорғаушысы алаңның о басы мен бұ басында ойқастап, қорғаушылардың басын айналдырып тастады. Оның үстіне Ресей құрамасының ардагері Юрий Жирков та қор,аныстағы ойыншыларымызды әбден шаршатқаны анық. Біздің жігіттердің допты алып жүруі мен пастары жақсы болғанымен, шабуылдары жүрмей-ақ қойды.

Ресейліктер екінші таймның басында әбден састы. Оларға тең ойын құдды бір қасірет болып көрінген шығар. Допқа бізен екі есе артық иелік еткен Черчесов шәкірттері 89-минутта дегендеріне жетті. Александр Головин стандарттан допты әуелете теуіп еді, тұп-тура Марио Фернандесті тапқан доп қақпадан табылды. Фернандес балаша қуансын. Жалғыз ол емес, ресейлік жаттықтырушы да эмоциясын жасыра алмады. Үш ұпай оңайлықпен келген жоқ олар үшін.

Бір қызығы ескерту қағаздарын алған ешкім болған жоқ. Әдетте шеберлігі кемшін соғып жататын команда жиі тәртіп бұзушы еді. Қазақстан құрамасының футболшылары ұсақ фолдар болмаса, бас жарып, көз шығаратындай ештеңе істеген жоқ. Тек матчтың «әттегенайы» бұйырмай кеткен бір ұпай болды.

Топтағы қалған ойындарды да жаза кетейік. Бельгия сырт алаңда Шотландияны 4:1 есебімен талқандаса, Кипр де түзде дәл сондай есеппен Сан-Мариноны жеңді.

Бельгия мен Ресейді енді ешкім қуып жете қоймас. Кипрдің ұпайы бізбен теңескенімен, Қазақстан 3-орнын сақтап тұр. Келесі айда Кипрді қабылдайтынымызды ескерсек, тек жеңіс қана қанағаттандырады қазақ құрамасын.

Ресей – Қазақстан – 1:0

Гол: Марио Фернандес, 89

Соққылар: 25 - 4

Тура бағытталғаны: 3 - 1

Допқа иелік ету: 61% - 39%

Ресей: Гильерме, Фернандес, Семенов, Джикия, Жирков, Ахметов (Зобнин, 63), Оздоев – Миранчук (Ионов, 57), Головин, Черышев (Кудряшов, 55), Дзюба

Қазақстан: Дмитрий Непогодов (қ), Дмитрий Шомко (к), Темірлан Ерланов, Сергей Малый, Александр Марочкин, Абзал Бейсебеков, Айбол Әбікен, Юрий Перцух, Георгий Жуков (Исламхан, 61), Максим Федин (Мұжықов, 77), Алексей Щеткин (Щеткин, 90).

9 қыркүйек. Калининград. «Калининград» стадионы

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер