ҚПЛ. «Тобыл» алтынның иісін сезді
Ел чемпионатының 15-туры соғылған голдарға жарымағанымен, тосый сыйларға толы болды. «Астана» «Ордабасыға» есе жіберді. Қостанайлық «Тобыл» чемпионды қуып жетті. «Қайрат» болса «Жетісу» қақпасының кілтін тағы да тапқан жоқ. Ал, кесте соңындағы төрт команда да бір-бір ұпайдан еншіледі. «Ордабасы» мен «Астана» матчында көрермендер бес гол көрді. Қалған он команда жабылып жүріп алты доп қана соқты.
Премьер-лига. 15-тур
«Қайсар» – «Тараз» 1:1 (1:1)
Голдар: Куле Мбамбо 5 - Абзал Таубай 30
Өткен турда елордада «Астанадан» оңбай ұтылған «Қайсар» өз жанкүйерлері алдында «Таразды» жеңуге міндетті. Оның үстіне Стойчо Младенов жігіттері жүлделі орындардан алшақтап барады. Матчты қызылордалықтар жақсы бастады, жылдам гол соқты. Бірақ, «Тараз» үзіліске дейін есепті теңестіріп тастады. Ойынның екінші бөлігінде қонақтар сауатты ойнай білді. Оның үстіне «қасқырлардың» шабуыл шебіндегі салғырттығы да жамбылдықтарға көмектесті. Кездесу тең аяқталды. «Қайсар» үшін маусым аяғына дейін бір матч қана маңызды секілді. Чемпионатта мейлі, оныншы орын ал, Қазақстан кубогының финалында «Атырауды» жеңсе келер маусымда Еуропа лигасында өнер көрсетеді.
«Ертіс» — «Шахтер» 0:0
«Шахтер» үш тур алдын «Астананы» қонақта жеңгеннен кейін, ұзақ "демалыста" жүр. Содан бері «кеншілер» бір ұпай ғана қанжығаға байлады. 15-турда «Ертіске» қонаққа барып, тең ойнады. «Ертістің» голға сараң екені түсінікті. Керекуліктер 16 матч өткізіп, бар болғаны сегіз доп қана соқты.
«Қайрат» — «Жетісу» 0:0
Тағы бір «құрғақ» матч. Төрт матчтан бері жеңіске жетіп келе жатқан алматылықтар тізгінді тартты. Бірінші айналымда «Жетісуға» «Қайрат» қонақта ойсырай ұтылған қалды. Өз жерінде Алексей Шпилевский шәкірттері есе қайтара алмады. Талдықорғандық «Жетісу» да «Қайсар» секілді жүлделі орындарға таластан сырт қалып барады. Ал, «Қайрат» шымкенттік «Ордабасыны» алға жіберіп, төртінші сатыға сырғыды.
«Ордабасы» — «Астана» 3:2 (2:0)
Голдар: Мардан Төлебек 27, Мирзад Механович 36, Тоқтар Жаңғылышбай 47 - Марин Томасов 44, Роман Муртазаев 74
Орталық ойында «Ордабасы» «Астананы» жеңіп кетті. Үзіліс алдында Марин Томасов есеп айырамасын қысқартан кезде чемпиондар Шымкенттен кемі бір ұпай алып кететіндей көрінген. Дегенмен, екінші тайм басталысымен доп айырмашығын екеуге жеткізді. «Астананың» матчта құтқаруға қарсыластың он ойыншымен қалғаны да көмектесе алған жоқ. Турнир кестесіндегі жағдай қызық. «Астана» «Ордабасыдан» екі ойын артық өткізген. Бес ұпай озып тұр. Демек, сол екі матчта шымкенттіктер жеңсе, «Астананы» басып озады. Бұл - бір. «Тобыл» да чемпиондардан екі кездесу кем өткізді. Ұпай саны бойынша тең болып тұр. Екі матчтағы бір ұпайдың өзі «Тобылды» көшбасына бір-ақ шығарады.
«Атырау» — «Ақтөбе» 1:1 (1:1)
Голдар: Қуаныш Калмұратов 44 - Ардақ Сәулет 18
Батыс-дербиінде де тең нәтиже тіркелді. Бірақ, жиналған жанкүйерлер қақпаға кірген екі допты көрді. «Ақтөбе» Ардақ Сәулеттің голының көмегімен есепте алға шықты. Алайда, жеңісті есепті тіпті, үзіліске дейін ұстап тұра алмады. Екінші таймда қонақтар «мұнайшылардың» қысымына төтеп бере алды.
«Тобыл» — «Оқжетпес» 2:0 (0:0)
Голдар: Сенин Себаи 58 (1:0), Азат Нұргалиев 68 (2:0)
Қостанайлық бірінші таймда «Оқжетпеске» гол соға алмай біраз әуреге түсті. Қауіпті сәттер де аз болды. Екінші таймда он минут ішінде Себаи мен Нұрғалиев мергендік танытып «Тобылға» жеңіс сыйлады. Кестеде «Тобыл» мен «Астанада» 35 ұпайдан. Жоғарыда айтқанымыздай, қостанайлықтарда екі кездесу кем.