ТАҢҒЫ БЕСТЕН БАСТАП ЖАТТЫҒАМЫН
Әлем футболы

Ағылшын арғымақтарының бәсекесі

Ағылшын арғымақтарының бәсекесі
news-banner7
mobile-news-top

«Манчестер Сити»

Футболдан Англия чемпионатының жеңімпазы соңғы турда анықталды. Қонақта «Брайтонның» тас-талқанын шығарған «Манчестер Сити» қатарынан екінші рет Премьер-Лиганың Кубогін басына көтерді. 97 ұпай жинаған «Ливерпуль» болса күміс медальға қанағат тұтты. Жалпы алғанда ағылшынның маңдай алды клубтары үшін 2018/2019 жылғы футбол маусымы сәтті болды деуге негіз бар. Және көшбасшы командалар тек ішкі біріншілікте ғана емес, сонымен қатар кәрі құрлық додаларында да жемісті өнер көрсетті. Мысалы, жоғарыда айтып кеткен Пеп Гвардиола шәкірттері биыл Чемпиондар Лигасының финалына шығады дейтіндердің қарасы көп болды. Оған ешкімнің дауы жоқ. Алайда шейхтардың үкілеген үміті орта жолда сүрінді. Ширек финалда «Тоттенхэммен» күш сынасқа «қалалықтар» қос матчтың қорытындысы бойынша жеңілді. Бірақ Англия чемпионатын ұтты. Сондықтан «Манчестер Сити» үшін биылғы футбол маусымы сәтті аяқталды.

«Ливерпуль»

Біріншіліктің күміс жүлдесіне қол созған «Ливерпуль» болса Чемпиондар Лигасының финалына қатарынан екінші жыл шықты. Бұл жолғы жартылай финалда көрсеткен ойыны туралы болашақта том-том кітап шығып, ондаған деректі фильм көрсетілетін болар. Себебі «Камп Ноуда» оңбай ұтылған ағылшындар араға апта салып әйгілі «Энфилд Роудта» финалға шығатындай есеппен жеңіске жетті. Осы ерлігі үшін Юрген Клоппқа ерекше қол соғып, қошемет көрсетуге болады. Дегенмен мықты мотиватор бапкерлік карьерасындағы соңғы алты жылда әртүрлі клубтарымен түрлі финалда алты рет қарсыласына жол берген. Бұл жолы қалай боларын Мадридтегі ойыннан соң білеміз.

«Тоттенхэм»

«Тоттенхэм» соңғы екі маусымда бірде бір жаңа ойыншысыз өнер көрсетіп, Чемпиондар Лигасының финалына өз тарихында тұңғыш рет жолдама алды. Сол себепті лондондық клуб үшін биылғы футбол маусымы сәтті аяқталды. Егер де финалда «Ливерпульді» ұтып жатса, онда Маурисио Пачеттиноға арнап клубтың жаңа стадионында ескерткіш қойса да жарасар еді. Оның үстіне АПЛ-дегі 38 матчтың нәтижесі бойынша негізгі мақсатын орындап, алғашқы төрттікке жайғасты.

«Челси»

Маурицио Сарри «Челсидегі» алғашқы жылында чемпионаттың қола жүлдесін еншіледі. Италиялық маман үшін жақсы көрсеткіш. «Ақсүйектер» 38 ойында 72 ұпай жинап, 63 гол соққан. Ішкі біріншілік аяқталғанымен, Англияның алты дүркін чемпионы Еуропа Лигасының финалында ойнайды. Сондықтан Мадридтің «Реалына» сырттай ауысып қойған Эден Азар әлі Бакудегі «Олимпийский» стадионында доп теуіп кетуі тиіс.

«Арсенал»

«Арсеналдан» Арсен Венгер кеткенде көпшілік клубтың тағдырына алаңдаған. Француз бапкерінсіз ағылшынның маңдай алды клубын елестету қиын еді. Себебі Венгер 1996-2018 жыдар аралығында «зеңбірекшілердің» жаттықтырушысы міндетін атқарып келді. Тізгінді ұстаған Унаи Эмери бұрынғы бапкерді жоқтатпады. Бір өкініштісі, Премьер-Лиганың нәтижесі бойынша «Арсенал» тек бесінші орынға жайғасты. Төртінші орында тұрған «Челсиден» тек бір ұпайға қалып қойды. «Арсенал» жанкүйерлерінің бір қуанатын жері – сүйікті командаларының Еуропа Лигасының финалына шығуында болып отыр. Әрине, жеңіске ағылшынның екі клубы да лайықты. Өкінішке қарай жеңімпазға берілетін кубок біреу ғана.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер