«Ертіс» клубының бюджеті - 1,2 миллиард теңге
Prosports.kz сайтының сұрауына сай, Павлодар облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Марат Айдашев «Ертіс» футбол клубының бюджеті қанша болатынын айтты.
- «Ертіс» футбол клубының 2019 жылға арнап бекітілген бюджеті 1 млрд 236 млн теңгені құрайды. Ал демеушілікке келетін болсақ, қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр. Демеушілік қаржының қанша болатыны, сол демеушілеріміздің әлеуетіне байланысты анықталады, - деп түсіндірді Айдашев.
Осының алдында біз «Ертіс» футбол клубының қаржылық ахуалы жайлы жазған едік. Онда 2017 жылы клуб бюджеті 2 млрд. Теңге деңгейінде болғанын айттық. Әрі команданың нәтижесі қанағаттанарлықсыз болғандықтан бөлінетін бюджет мөлшері төмендеген болуы мүмкін екенін жазған болатынбыз. Бірақ клубқа Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясы (ERG, (ENRC) демеушілк жасайды.
Айта кетерлігі, ERG ұзақ уақыт бойы павлодарлық клубқа демеушілік көрсетіп келді. Кейін бұл компанияны атақты үштік - Александр Машкевич, Патох Шодиев және Алижан Ибрагимовтер сатып алды да, Еуразиялық энергетикалық корпорацияның құрамына кірді. Әрі 2018 жылғы мәлімет бойынша, Forbes.kz рейтингісінде 12-ші орынға ие болып, Қазақстандағы ең ірі жеке компаниялардың қатарына қосылды.