Ерлан Серікжанов: Ендігі мақсат - олимп шыңын бағындыру

Ерлан Серікжанов: Ендігі мақсат - олимп шыңын бағындыру

Әзірбайжан астанасы Бакуде өткен дзюдодан әлем чемпионатында біздің екі бірдей оғыланымыз жүлдегерлер қатарынан көрінді. 

66 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Ерлан Серікжанов қарсылас шақ келтірмей, финалға шыққан болатын. Тіпті, жартылай финалда әлем рейтингінің көшбасшысы израильдік Тель Фликер Ерланды тоқтата алмады. Тек ақтық сында жапониялық әлем чемпионы Абе Хифумиге есе жіберген Ерлан Серікжанов күміс жүлдені қанжығалады. Бүгін елге оралған спортшымыз Prosports.kz тілшісіне эксклюзивті сұқбат берді.

- Алтын аламын деп алдыма мақсат қойып келіп едім. Соңғы бір жыл бойы тыңбай еңбектеніп, жиындар өткізіп, осы әлем чемпионатының алтынын олжалауды армандаған болатынмын. Тауда да, залда да дайындалдық. Алайда күмісті қанағат тұттық. Финалда жеңілгенде өзегімді өкініш өртегені рас. Алайда бапкерлерім қолдау көрсетіп, жігерлендіріп, жеңістің бәрі алда екенін айтып жұбатты.

- Қарсыластарыңның бәрі бірінен бірі өткен мықты болды. Әсіресе жартылай финалда рейтингіде көш бастап тұрған израиль спортшысымен белдестің. Оған қарсы ерекше әдістер дайындап, тактика құрдың ба?

Рейтингіде бірінші тұрған Тель Фликер есімді спортшымен кездестім.Үлкен додада сынға түскеннен соң өз салмағымдағы барлық қарсыластарды зерттедік. Өйткені кез келгеніне қарсы шығып қалуым мүмкін еді. Жеңімпаз болу үшін мықтыларды жеңу қажет. Сол үшін де көшбасшыларды ерекше зерттедік. Қазір ғаламторда бәрі бар. Қарсыластарымның жекпе-жектерінің видеосын көріп, талдап, зерттеп шықтық. Әрқайсысына қарсы ерекше әдістер дайындап, тактика құрдық.

- Әлем біріншілігіне қандай жоспармен келдің? Жүлдеге ілінемін деп ойладың ба?

Иә. Қазақстанның атынан 66 келіде күресетін болғандықтан, ел намысын беруге болмайтынын түсіндім. Арқама ауыр жүк арқалағаннан соң жүлдегер атануға міндетті едім.

Айдын Смағұлов: Қазақ елінен кешірім сұраймыз

-  Алтынға бір қадам жерден тоқтадың. Финалда қандай қателік жібердің? Қайталап көрдің бе?

Финалда асығыстық таныттым. Жапон балуаны «жағамен» күреседі. Соған қарсы әдіс - «корпуспен» оны алып қоямын деп ойладым. Алайда асығып жүріп, оны қысып ұстаймын деген жоспарымды орындай алмадым. Жапон балуаны бұған дайын болып шықты.

- Алдағы жоспарларың жайлы айта кетсең.

Осыдан тоқтап қалмай тыңбай еңбектену қажет. Әлем чемпионаты біте салысымен дайындыққа қайта кірісіп кетеміз. Алда Абу-Даби қаласында Grand Slam турнирі өтеді. Бар мақсат осы додада топ жару. Артынша Олимпиада ойындары келе жатыр.

- Келесі мақсат – Токиода Олимпиадасы...

Иә, 2020 жылғы Токио Олимпиадасына қатысу – мақсатым. Grand Prix, Grand Slam секілді турнирлерде ұпай жинап, олимпиада ойындарының жолдамасын ұтып алу қажет. Қазір олимпиадалық рейтингіде 2-ші сатыға көтерілдім. Олимпиадаға дейін үздік 22 балуанның қатарында болуым керек. Қалған уақытта тер төгіп дайындалып, олимп шыңын бағындыру мақсатым.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или