Волейболдан архившілер арасында ҚР Президенті Архивінің кубогі үшін турнир өтті

Волейболдан архившілер арасында ҚР Президенті Архивінің кубогі үшін турнир өтті

2018 ж. 14 сәуірінде салауатты өмір салтын насихаттау, архив мекемелері арасындағы серіктестік байланыстарды күшейту, архившілерді дене тәрбиесі және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту мақсатында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің кубогі үшін Алматы қаласының мемлекеттік архив қызметкерлері және архив ісінің болашақ мамандарының қатысуымен волейболдан турнир өтті.

Турнирге ҚР Президенті Архивінің «Жігер», Алматы қаласының Орталық мемлекеттік архивінің «Pride» және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих, археология және этнология факультеті студенттерінен құралған «Жас мұрағатшылар» командалары қатысты.

Шараның ашылу салтанатында ҚР Президенті Архивінің директоры Б.Ә. Жапаров пен Алматы қ. Орталық мемлекеттік архивінің директоры А.Қ. Ботанов құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарыс топтық кезеңнің айналмалы жүйесі бойынша өткізілді. Турнир жеңімпаздары 5 партиядағы 3 жеңіске дейінгі нәтиже негізінде анықталды. Жеребе тартудың нәтижесі бойынша алғашқы болып шыққан «Жас мұрағатшылар» мен «Pride» командалары арасындағы ойында 3:0 есебімен «Жас мұрағатшылар» командасы жеңіске жетті. Келесі кезектегі «Жігер» және «Жас мұрағатшылар» командаларының арасындағы ойын қызық әрі тартысты өтті. Алғашқы 2 партияда «Жігер» командасы басымдыққа ие болғанымен, ойын соңында 3:2 есебімен «Жас мұрағатшылар» командасы алға шықты. Үшінші топтағы «Жігер» және «Pride» командаларының арасындағы ойында «Жігер» командасы басым түсіп, 3:1 есебімен өз қарсыласын ұтты.

Жарыс қорытындысы бойынша 1-ші орынды «Жас мұрағатшылар», 2-ші орынды «Жігер» командасы иеленсе, «Pride» командасы 3-ші орынға тұрақтады.

Турнирдің қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған командаларға ҚР Президенті Архивінің кубогі, дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Турнирдің «Үздік ойыншысы» атағына «Жігер» командасының ойыншысы Нұрбатырова Раушан мен «Жас мұрағатшылар» командасының ойыншысы Жақсылық Ерлан ие болды.

Айта кетсек, архившілер арасындағы Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің кубогі үшін волейболдан турнир осымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп отыр.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или