Бокс/Күрес/ММА

Ниязымбетов: Токио Олимпиадасынан кейін мансабымды аяқтаймын

Ниязымбетов: Токио Олимпиадасынан кейін мансабымды аяқтаймын
news-banner7
mobile-news-top

Бокстан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов Prosports.kz тілшісіне ел чемпионатындағы жеңісі мен кәсіби мансабын қашан аяқтайтынын айтты.

- Әділбек, Қазақстан чемпионатындағы жеңісіңіз құтты болсын. Жалпы ел біріншілігі қалай өтті?

- Енді Қазақстан чемпионаты жыл сайын өтетін жарыс. Өздеріңіз көрген шығарсыздар, жастарымыз жақсы өнер көрсетті. Жалпы, ел біріншілігі қызық өтті десе де болады. Әр салмақ дәрежесінде жас талантты боксшылар болды. Құдай қаласа, олар алдағы уақытта әлемдік деңгейге шығады деген ойдамыз.

- Жас боксшылардың арасынан кімнің өнері ұнады?

- Әр салмақта көңілімнен шыққан боксшылар болды. Бірінші жекпе-жектен бастап финалдық айқасқа дейін аянбады. Бұйыртса, осы Токио Олимпиадасынан кейін бұл жігіттер ақырындап халықаралық жарыстарға шыға бастайды.

- Көптеген бокс сарапшылары сіздің финалдағы қарсыласыңыз Әлімханұлы болады деп ойлады. Бірақ Жәнібек ширек финалда жеңіліп қалды. Неліктен деп ойлайсыз?

- Негізі, Жәнібекке қарсыласын бір соққымен-ақ жеңуге болар еді. Бірақ оған не болғанын білмеймін. Оны бапкерлерінен сұраған дұрыс шығар.


- Гамбургте өткен әлем чемпионатында сіздің салмағыңызда Ерік Әлжанов өнер көрсеткен болатын. Оның өнеріне қандай баға берер едіңіз?

- Ерік Әлжанов менің іңім десек те болады. Бұл жарыс оның алғашқы әлем чемпионаты болды. Бұған дейін бірінші рет Азия чемпионатында өнер көрсеткен болатын. Ерік қарсыластарының қаншалықты тәжірибелі, чемпион болғанына қарамастан өзін жақсы көрсетті деп ойлаймын. Бар күшін салды. Бапкерлердің оған еш реніші жоқ шығар.

- Бұл салмақта Хулио Сезар ла Круз кезекті рет әлем чемпионы атанды. Оның жеңісі туралы не айта аласыз?

- Енді әлем чемпионатында оны тоқтата алатын боксшы болған жоқ. Ол менің қарсыласым болса да оның мықтылығын мойындау қажет. Ла Круз өте дарынды боксшы.

- Жалпы, оны жеңу мүмкін бе? Осал тұстары қандай?

- Ла Круздың қолы ұзын. Өзін ұруға бермейді, қарсыластарын жолатпайды. Шаршы алаңда ойлау қабілеті өте жоғары деңгейде. Тәжірибесі мол, техникасы керемет боксшы. Бәрі айтады, "оның соққысы жоқ, неге ұрып тастамайсың" деп, бірақ сөзбен айту оңай, ал рингке шыққанда оны ұру тұрмақ, оған жету қиын. Менің естуімше, ол бокстан кетті.

- Уақытша ма?

- Жоқ. Толықтай бокспен қош айтысты деп естідім. Кубада жалақы аз төлейді екен. Бокстаспаймын деп айтыпты.



- Ла Круздан бөлек Меликузиев сынды жас боксшылар бар. Бектемир жайлы пікіріңіз қандай?

- Меликузиев те ыңғайсыз қарсыластарының бірі. Бірақ онымен өзім шығатын болсам, аса қиындықсыз жеңетін сияқтымын. Мен үшін ол ыңғайлы қарсылас. Келесі жылы Азия ойындарында кездесіп жатсақ, өздеріңіз көресіздер.

- Кәсіпқой боксқа ауысу ойыңыз бар ма?

- Жоқ. Бұйыртса, Токио Олимпиадасынан кейін кәсіби мансабымды аяқтаймын.

- Головкин мен Альварес қайта кездесіп жатса, кім жеңеді?

- Геннадий ұтуға тиіс. "Анау құлатады, мынау құлатады" деп айта алмаймын. Альварес те мықты боксшы. Бұл жолы енді Головкиннің жеңетініне сенімдімін.

Естеріңізге сала кетсек, Әділбек Ниязымбетов Шымкентте өткен ел біріншілігінде жартылай ауыр салмақ дәрежесінде топ жарған болатын.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер