Бенавидес Рамирестен титулды тартып алды
АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы T-Mobile Arena кешінде өткен басты бокс кешінің айқасы өз мәресіне жетті. Рингте америкалық Давид Бенавидес пен мексикалық Хильберто Рамирес жолықты, деп хабарлайды Prosports.kz сайты Sports24.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл кездесуде жартылай ауыр салмақтағы WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы сарапқа салынды. Жекпе-жек жоғары қарқында басталғанымен, төртінші раундта Рамирес нокдаунға түсіп, жағдайдың өзгеріп бара жатқанын көрсетті.
Шешуші сәт алтыншы раундта туды. Бенавидес қарқынын үдетіп, шабуылды күшейтті де, дәл соққылар сериясымен қарсыласын нокаутқа жіберді.
Осылайша, Бенавидес кәсіби мансабындағы 32-жеңісіне қол жеткізіп (25 нокаут), чемпиондық белдікті иеленді. Ал Рамирес екінші рет жеңіліп, титулынан айырылды.