Ресейлік сарапшы «Барыстан» жеңілген «Северсталь» бапкерін сынға алды
Ресейлік хоккей сарапшысы Алексей Шевченко Череповецтің «Северсталь» клубының бас бапкері Андрей Козыревті ҚХЛ тұрақты чемпионаты аясында астаналық «Барысқа» қарсы өткен матчқа (1:2) өз ұлы Маркты қатыстырғаны үшін сынға алды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Сарапшының сынына кездесудің екінші кезеңіндегі оқиға себеп болды. Төрешінің ысқырығынан кейін Марк Козырев «Барыс» шабуылшысы Әлихан Өмірбековтің бетін хоккей таяғымен ұрып, командасын азшылықта қалдырды. Астаналықтар сан басымдығын тиімді пайдаланып, Джастин Бэйли жеңіс шайбасын соқты.
«Марк Козырев айдыннан қуылғаннан кейін «Барыс» жеңіс шайбасын соқты. Бірақ мақсат жеңіске жету емес, демеушінің есебінен ұлына ойнауға мүмкіндік беру ғой», – деді Шевченко.
Осы жеңістің арқасында «Барыс» қатарынан үш жеңілістен тұратын сәтсіз сериясын тоқтатып, Шығыс конференциясының плей-офф аймағына қайта оралды.
Астаналық клуб келесі кездесуін 27 қарашада Санкт-Петербургте жергілікті СКА командасына қарсы өткізеді.