Ресейлік белгілі бапкер СКА-ның бас жаттықтырушысын сынға алды
Ресейдің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Владимир Плющев Санкт-Петербургтің СКА клубындағы жағдайға қатысты пікір білдіріп, команданың бас бапкері Андрей Разиннің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Маманның айтуынша, СКА-ның соңғы екі жеңісі командадағы жағдайдың жақсарғанын білдірмейді. Оның пікірінше, петербургтік клуб «Сочи» мен «Нефтехимикті» үлкен қиындықпен жеңген.
«Сочи мен Нижнекамскідегі екі жеңістен кейін командада ерекше қуаныш пайда болды деп ойламаймын. Екі кездесуде де жеңіс оңайлықпен келген жоқ.
СКА – тарихы бай, елдің басты қалаларының бірі Санкт-Петербургтің намысын қорғайтын клуб. Команданың құрамы мықты, қаржылық мүмкіндігі жоғары әрі жанкүйерлері өте көп.
Мұндай мәртебесі бар клуб барлық жағынан, соның ішінде басқару және спорттық нәтижелер тұрғысынан өз деңгейіне сай болуы керек. Өкінішке қарай, әзірге мұны көріп отырған жоқпыз», – деді Плющев Russia-Hockey.ru басылымына берген сұхбатында.
Сондай-ақ маман клуб басшылығының бапкерлер штабындағы өзгерістерге қатысты нақты түсініктеме бермегенін сынға алды.
«Игорь Ларионов бастаған бапкерлер штабының не себепті қызметінен кеткенін әлі күнге дейін ешкім нақты түсіндірген жоқ. Қазір Андрей Разинге қатысты да осындай жағдай қалыптасып отыр. Бұл шешімдердің қандай себеппен қабылданғаны, жаңа бапкерлер штабына қандай міндеттер жүктелгені және СКА-ның алдағы бағыты қандай болатыны белгісіз. Сұрақ көп, ал нақты жауап жоқтың қасы», – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін магнитогорскілік «Металлург» хоккейшілермен арадағы келіспеушіліктерге байланысты Андрей Разинді қызметінен босатқан болатын.
Айта кетейік, «Металлург» сапында қазақстандық хоккейшілер Никита Михайлис пен Валерий Орехов өнер көрсетеді.