«Барыстың» аңыз ойыншысы Астанаға оралды
«Барыстың» бұрынғы капитаны әрі Қазақстан құрамасының экс-шабуылшысы Брэндон Боченски Астанаға келді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Танымал хоккейші елордаға өзі сегіз маусым бойы өнер көрсеткен «Барыс» командасымен кездесу үшін арнайы келген.
Боченски 2010 жылы «Барысқа» қосылып, аз уақыт ішінде команданың негізгі көшбасшыларының біріне айналды. Астаналық клубта жеті жыл қатарынан ойнаған шабуылшы 2017 жылы мансабын аяқтайтынын жариялаған. Алайда бір маусымнан кейін үлкен хоккейге қайта оралып, 2018/19 жылғы ҚХЛ чемпионатында «Барыстың» намысын қорғады.
Боченски «Барыс» сапында ҚХЛ-да барлығы 455 матч өткізіп, 444 (179 гол + 265 нәтижелі пас) ұпай жинаған. Оның 406 ұпайы (169+237) тұрақты чемпионатта, ал қалған 38 ұпайы (10+28) Гагарин кубогының плей-офф кезеңінде тіркелген.
Қазақстан ұлттық құрамасында да өнер көрсеткен хоккейші 2019 жылы мансабын біржола аяқтап, АҚШ-қа оралған.