«Барыстың» аңыз ойыншысы жеті жылдан кейін Астанаға оралды
«Барыстың» бұрынғы шабуылшысы Брэндон Боченски жеті жылдан кейін Астанаға оралып, Қазақстанға сапары туралы әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Prosports.kz.
Америкалық хоккейші елордаға келгеннен кейін клубтың баспасөз қызметіне сұхбат берді. Ол Қазақстанға қайта оралу ерекше сезім сыйлағанын айтты.
«Керемет сезім! Әуежайға кіріп, адамдарды көрген сәтте қаншама естелік ойыма оралды. Қуанышымда шек жоқ. Қайта оралғаныма өте бақыттымын», – деді Боченски.
Бұрынғы шабуылшы әсіресе кезінде бірге ойнаған командаластарымен кездесуді асыға күтіп жүргенін жеткізді. Олардың көпшілігі бүгінде кәсіби мансабын аяқтаған немесе бапкерлік қызметке ауысқан.
Боченски Қазақстандағы ең жарқын естеліктерінің бірі ретінде «Барыс» жанкүйерлерінің қолдауын атап өтті.
«Ең алдымен, жанкүйерлер есіме түседі. Бізде лигадағы ең үздік жанкүйерлер бар. Олар әрдайым жақсылық тілеп, қолдау көрсетуге дайын тұрады. Тіпті түнгі сағат бірде ұшып келсек те, әуежайдан күтіп алатын. Мұндай қолдау әрқашан ерекше әсер қалдырады», – деді ол.
Сондай-ақ хоккейші жаңа аренадағы алғашқы кездесулерді, Санкт-Петербург пен Мәскеу клубтарына қарсы маңызды жеңістерді және плей-офф кезеңіндегі сәтті ойындарды еске алды.
Астанаға сапары барысында Боченски бұрын жиі барған сүйікті орындарын аралауды жоспарлап отыр. Дегенмен басты мақсаты – жанкүйерлермен кездесіп, хоккей аренасына бару.
Сұхбат соңында бұрынғы шабуылшы қазақстандық жанкүйерлерге алғысын білдірді.
«Бар болғаны рақмет айтқым келеді. Сендерді қатты сағындым. Жексенбі күнгі кездесуді асыға күтіп жүрмін», – деді Боченски.