Хамзат Чимаев UFC басшылығына наразылығын білдірді
UFC ұйымының орта салмақтағы бұрынғы чемпионы Хамзат Чимаев ұзақ уақыт жекпе-жексіз жүргеніне наразылығын білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Еске салайық, Чимаев мамыр айында UFC 328 турнирінде Шон Стриклендке төрешілердің бөлек шешімімен жеңілген болатын.
Осы кездесуден кейін «Борз» бірден қарымта жекпе-жек өткізуді сұраған. Алайда арада бірнеше ай өтсе де, UFC басшылығы оған нақты қарсылас пен жекпе-жек күнін ұсынбаған.
Қазіргі уақытта орта салмақтағы чемпион Шон Стрикленд пен басты үміткер Нассурдин Имавов арасындағы жекпе-жекке қатысты келіссөздер жалғасып жатыр.
«Жеңілгеннен кейін келесі күні-ақ UFC-ден жекпе-жек сұрадым. Үш айдан бері дайын отырмын, бірақ әлі күтіп жүрмін. Стрикленд пен Имавов кездесуі мүмкін екенін естідім. Кім жеңсе де, сол спортшымен жұдырықтасуым мүмкін. UFC не күтіп отырғанын, қандай жоспары барын түсінбеймін.
Стрикленд үнемі бір нәрсеге шағымданады. Ал мен дайындықты тоқтатқан жоқпын. Менің келесі қарсыласым сол жекпе-жектің жеңімпазы болуы керек. Өйткені мен бірінші нөмірлі үміткермін. Стриклендтен жеңілген жоқпын деп есептеймін. Жұрт мені жеңілді дейді, бірақ нағыз чемпион – мен», – деді Чимаев The National басылымына берген сұхбатында.
Қазір Чимаев спорттық бабын сақтау үшін Real American Freestyle (RAF) ұйымының күрес турнирлеріне қатысып жүр. Қараша айының ортасында ол Абу-Дабидегі «Этихад Аренада» белдесуге тиіс.
Соған қарамастан, Чимаевтың басты мақсаты өзгерген жоқ. Ол UFC чемпиондық белбеуін қайтарып алуды көздеп отыр.