Ислам Махачев Шавкат Рахмоновпен жекпе-жек өткізу мәселесіне қатысты пікір білдірді
UFC ұйымының жартылай орта салмақтағы чемпионы Ислам Махачев қазақстандық Шавкат Рахмоновты әзірге ықтимал қарсылас ретінде қарастырмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
35 жастағы ресейлік файтердің айтуынша, қазіргі уақытта Рахмонов чемпиондық жекпе-жекке үміткерлер қатарында жоқ.
Журналистер Махачевтен Шавкат 2027 жылдың соңында октагонға оралса, онымен кездесуге дайын бола ма, әлде сол уақытқа дейін мансабын аяқтай ма деп сұрады.
«Менің ойымша, оның оралуын күту дұрыс емес. Қашан қайтып келетінін білмеймін. UFC оны рейтингтен алып тастады. Қазір ол үздік 15 файтердің қатарына кірмейді және чемпиондыққа үміткер ретінде қарастырылып жатқан жоқ.
Қазіргі уақытта бізде екі үміткер бар. Олар уақытша чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек өткізеді. Содан кейін келесі қарсыласымның кім болатынын білеміз. Шавкат барлық жарақатынан тезірек айығып, рейтингке қайта оралады деп үміттенемін», – деді Махачев.