Рафаэль Надаль «Реалдың» директорлар кеңесіне қосылуы мүмкін
Мадридтік «Реал» испаниялық теннистің аңызы Рафаэль Надальді клубтың директорлар кеңесінің құрамына қосуды ұсынды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Тиісті шешім 4 қарашада клуб басшылығының отырысында қабылданған. Енді «Үлкен дулыға» турнирлерінің 22 дүркін чемпионының кандидатурасын делегаттардың жалпы жиналысы қарауы тиіс.
Мадридтік клуб Надальді әлемдік спорт тарихындағы ең ұлы тұлғалардың бірі деп атап, оның Испанияда ғана емес, одан тыс жерлерде де зор құрметке ие екенін жеткізді.
«Осындай спорттық және адами қасиеттері жоғары тұлғаның директорлар кеңесіне қосылып, клубымыздың бүгіні мен болашағына үлес қосуы «Реал» мен оның барлық жанкүйері үшін үлкен мәртебе», — делінген клубтың ресми мәлімдемесінде.
Рафаэль Надаль кәсіби мансабында жекелей сында 92 турнирде жеңіске жеткен. Оның еншісінде «Үлкен дулыға» санатындағы 22 чемпиондық атақ, екі Олимпиада алтыны және Испания құрамасы сапындағы Дэвис кубогының бес жеңісі бар. Сондай-ақ ол әлемнің бірінші ракеткасы атанған.
«Реал» клубы теннисшінің спорттық жетістіктерімен қатар, қарапайымдылығы, еңбекқорлығы, қарсыластарына деген құрметі және үнемі дамуға ұмтылуы секілді адами қасиеттерін де жоғары бағалайтынын атап өтті. Клубтың пікірінше, бұл ұстанымдар оның философиясымен үндеседі.