«Металлургтің» бапкерлік құрамында өзгеріс орын алды
«Металлург» командасы бас бапкер Андрей Разинді қызметінен уақытша шеттетті, деп хабарлайды Prosports.kz.
Магнитогорск клубы Андрей Разинді бас бапкер міндетін атқарудан уақытша шеттету туралы шешім қабылдады. Команданы уақытша бас бапкер міндетін атқарушы ретінде Владимир Воробьев басқарады.
Бапкер ауысқанына қарамастан, «Металлург» Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) Шығыс конференциясында көш бастап келеді. Команда 13 матчтан кейін 19 ұпай жинаған.
Магнитогорск клубы соңғы кездесуін 5 қазанда өткізді. Өз алаңында «Металлург» Владивостоктың «Адмиралына» күтпеген жерден 2:5 есебімен жол берді.
Екі команда жақын арада қайта кездеседі. «Металлург» пен «Адмирал» арасындағы кезекті матч 7 қазан, сәрсенбі күні өтеді. Кездесу тағы да Магнитогорск клубының мұз айдынында ұйымдастырылады.
Айта кетейік, Магнитогорск клубында Қазақстан ұлттық құрамасының негізгі ойыншылары Никита Михайлис пен Валерий Орехов өнер көрсетеді. Енді олар маусымды жаңа бапкерлік штабтың жетекшілігімен жалғастырады.