Плющев ҚХЛ президентінің буллиттерге қатысты ұсынысын сынға алды

Плющев ҚХЛ президентінің буллиттерге қатысты ұсынысын сынға алды

Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Владимир Плющев ҚХЛ президенті Алексей Морозовтың бастамасын сынға алды, деп хабарлайды Prosports.kz Russia-hockey.ru сайтына сілтеме жасап.

Еске салайық, лига басшысы тәжірибе ретінде матч басталмай тұрып-ақ буллиттер сериясын өткізу туралы ұсыныс жасаған болатын.

«Көптеген көрермен буллиттерді жақсы көреді. Әсіресе ата-анасымен бірге матчқа келетін балалар үшін бұл қызық. Олар буллиттер сериясын күтіп отырады. Бірақ овертайм мен буллиттер сериясы бар матчтар жұмыс күндері кеш аяқталатындықтан, балалардың бәрі соңына дейін көре алмайды. Өйткені келесі күні таңертең мектепке баруы керек.

Сонымен қатар ата-аналар да матчтың соңын күтпей кетіп қалуы мүмкін. Себебі стадионнан үйлеріне жету жолы ұзақ болуы ықтимал. Бұл әсіресе ірі қалаларда жиі кездеседі.

Ал біз көрермендерге буллиттерді бірден және міндетті түрде көруге мүмкіндік беруді ұсынамыз. Яғни буллиттер сериясы міндетті түрде болады және оны барлығы көріп үлгереді, өйткені ол матчтың басында өткізіледі. Ойыншылар енді ғана қыздырып, шеберлігін көрсеткен кезде, негізгі үш кезең әлі ойналмаған сапалы мұз үстінде нағыз шоу ұйымдастыруға болады», – деп Морозовтың сөзін «Известия» басылымы келтірді.

Плющев бұл ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы екенін айтты.

– Сіз ҚХЛ-дің ойын басталмай тұрып буллиттер өткізу туралы ұсынысын да күлкілі деп атадыңыз…

– ҚХЛ-дің кезекті «реформасына» мұндай бағаны хоккейден хабары бар, осы спортқа қатысы бар азды-көпті сауатты адамдардың бәрі берді.

Бірақ мені өткен аптада ҚХЛ президентінің бұл тақырыпқа қайта оралғаны қатты таңғалдырды. Шынымды айтсам, Алексей Морозов кезінде хоккейді жоғары деңгейде ойнаған, сондықтан бұл «жаңалықтың» қаншалықты қисынсыз екенін түсінеді деп ойладым. Оның айналасындағы хоккейге қатысы жоқ адамдардың өзіне қиын жағдай жасап қойғанын түсініп, бұл тақырыптан үнсіз бас тартады деп күттім.

Бірақ олай болмады. Морозов тағы да хоккей логикасына қайшы келетін ұсынысты талқылауға кірісті. Күлкілі де, өкінішті де жағдай!

– Лигаға қандай да бір ұсыныс айта аласыз ба?

– Меніңше, осы абсурд жолын соңына дейін жүріп өту керек, – деді Плющев күліп.

Сондықтан ҚХЛ-ге тағы бір «реформа» ұсынар едім: плей-офф кезеңін тұрақты чемпионат басталмай тұрып өткізу керек. Дәл ҚХЛ-дің аргументін қолдануға болады: мұндай өзгеріс хоккейге деген қызығушылықты арттырып, мамыр айында емтихан мен демалысқа байланысты кубок ойындарын көре алмайтын балаларды қуантады. Ал енді олар плей-офф матчтарын қыркүйек айында тамашалай алады. Ол кезде оқу жылы енді басталып, бос уақыт та жеткілікті болады, – деді Ресейдің еңбек сіңірген жаттықтырушысы.

Еске салайық, 2013/2014 жылғы маусымда Плющев Өскеменнің «Қазцинк-Торпедо» клубының бас бапкері болды. Ал 2013 жылдың желтоқсанында оның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы Италияда өткен Универсиадада күміс жүлдеге ие болды.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или