Шавкат Рахмонов UFC-де Ислам Махачев үшін басты қауіп өзі екенін айтты
Жеңіліп көрмеген қазақстандық жартылай орта салмақтағы файтер Шавкат Рахмонов UFC-дің қазіргі чемпионы Ислам Махачевпен болуы мүмкін жекпе-жек туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Номадтың» пікірінше, қазіргі таңда дәл өзі ресейлік чемпион үшін ең үлкен қауіп болып табылады.
Рахмонов бұл туралы ALF Global YouTube подкастының эфирінде айтты.
«Менің ойымша, Ислам үшін ең күрделі қарсылас — менмін. Ал мен үшін де ол ең күрделі қарсылас. Мен қорғаныста жаман емеспін. Менің ойымша, тік тұрыстағы дайындығым Исламнан жақсырақ. Жекпе-жек бәрін көрсетеді. Әрине, бұл менің пікірім. Артық даурығып сөйлегім келмейді. Егер жекпе-жек өтсе — төбелесеміз», — деді Рахмонов.
Айта кетейік, Шавкат Рахмонов 2024 жылдың соңынан бері октагонға шыққан жоқ. Ол UFC 310 турнирі аясында ирландиялық проспект Иэн Гэрриді төрешілердің бірауыз шешімімен жеңген болатын.
Бастапқыда бұл жекпе-жек чемпиондық жекпе-жек ретінде жоспарланған еді. Алайда сол кездегі чемпион Белал Мұхаммад турнирге аз уақыт қалғанда жарақатына байланысты жекпе-жектен бас тартты. Осыдан кейін қазақстандық спортшының өзі де бірқатар ауыр жарақаттарға тап болды.