«Реал» қорғаушысы мас күйде көлік жүргізгені үшін жазаланды

«Реал» қорғаушысы мас күйде көлік жүргізгені үшін жазаланды

Мадридтің «Реал» клубының қорғаушысы Рауль Асенсио көлік жүргізу кезінде алкогольдік мас күйде болғаны үшін жазаланды, деп хабарлайды Prosports.kz.

Бұл туралы Canarias 7 басылымы жазды. Оқиға 16 тамызда Гран-Канария аралында болған. 23 жастағы футболшы көлік жүргізіп келе жатқан кезде полиция қызметкерлері оны тоқтатып, ағзасындағы алкоголь мөлшерін тексерген. Нәтижесінде көрсеткіш рұқсат етілген деңгейден айтарлықтай жоғары болып шықты: Асенсионың дем шығаруындағы алкоголь мөлшері 1 литрге 0,90 мг болған. Ал рұқсат етілген норма — 0,25 мг/л.

Тергеу қорытындысы бойынша Асенсиоға 14,4 мың еуро көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар футболшы сегіз айға көлік жүргізу құқығынан айырылды.

Жақын уақытта Асенсио басқа іс бойынша да сот отырысына қатысады. Ол «Реалдың» жастар командасының бұрынғы үш ойыншысымен бірге екі әйелдің келісімінсіз сексуалдық сипаттағы видеожазбаны таратты деген күдікке ілінген.

Сонымен қатар жәбірленушілер сотта футболшыны кешіретінін мәлімдеген жағдайда, прокуратура Асенсиоға қатысты айыптаудан бас тартуы мүмкін. Мұндай жағдайда оған айыптау үкімі шығарылмайды. Себебі қолда бар ақпаратқа сәйкес, оқиғадағы футболшының рөлі екінші дәрежелі болған.

Асенсио «Реалдың» негізгі командасы сапында алғаш рет 2024 жылы ойнады. Мадридтік клуб үшін қорғаушы осы уақытқа дейін 80 матч өткізіп, екі гол соқты және үш нәтижелі пас берді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или