Көркем гимнастика: Қазақстан 2026 жылғы Азия ойындарында толық құраммен өнер көрсетеді
Көркем гимнастикадан Бішкекте (Қырғызстан) өткен Азия чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін табысты болды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Ұлттық құрама ересектер мен жасөспірімдер арасындағы жарыстарда сәтті өнер көрсетіп, жалпы саны 17 медаль жеңіп алды. Бұл нәтиже Қазақстанның осы спорт түрінен құрлықтағы көшбасшы елдердің бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Толығырақ Olympic.kz материалында.
Жекелей сында Қазақстан намысын Айбота Ертайқызы мен Ақмарал Ерекешева қорғады. Ертайқызы ұлттық құраманың тәжірибелі әрі көшбасшы гимнастарының бірі. Ал Ерекешева үшін Бішкектегі Азия чемпионаты ересектер деңгейіндегі алғашқы құрлықтық дода болды. Соған қарамастан, жас гимнаст өзін жарқын қырынан көрсетіп, бірден үш медаль иеленді.
"Ақмарал көпсайыстағы төрт жаттығуды да сенімді орындап шықты. Жекелей сайыстың финалында ұршықтармен орындалатын жаттығуда күміс медаль жеңіп алды. Сонымен қатар доп және шығыршықпен орындалатын жаттығуларда екі қола жүлдеге қол жеткізді. Ол әр бағдарламасында соңына дейін күресіп, өзін жақсы қырынан көрсетті. Алда әлі де атқаратын жұмыс көп", - деді Қазақстан құрамасының бас бапкері Лола Әділбекова.
Өкінішке қарай, Ақмарал Ерекешева жекелей көпсайыста жүлдегерлер қатарына ене алмады. Спортшы алтыншы орынға тұрақтады. Ал Айбота Ертайқызы күміс медаль жеңіп алды. Ол финалда өрескел қателікке жол бермей, құрлық біріншілігін екінші орынмен аяқтады. Айта кетейік, бұған дейінгі ең үздік нәтижесі қола медаль болған еді.
"Айбота бізді қатты қуантты. Күміс жүлдеге қол жеткізіп, жоғары деңгейде өнер көрсетті. Әр жаттығуда жоғары деңгейлі қарсыластармен тайталаса білді. Сондықтан ол күміс медальға лайық еді", - деп түйіндеді Әділбекова.
Айта кетерлігі, қазақстандық гимнастар барлық бағдарламада жүлдеге қол жеткізді. Жекелей жаттығуларда Ерекешевадан бөлек, Ертайқызы да көзге түсіп, таспамен орындалатын жаттығуда қола медаль иеленді. Топтық жаттығуларда да отандастарымыз жоғары нәтиже көрсетті. Кристина Чепульская, Жасмин Жүнісбаева, Айзере Кеңес, Аида Хәкімжанова, Мадина Мырзабай және Айзере Нұрмағамбетовадан құралған команда көпсайыста үшінші орын алды. Ал жекелей финалдарда Қазақстан құрамасы екі рет күміс жүлдегер атанды. Гимнастар бес доп, үш шығыршық және екі жұп ұршықтармен орындалатын жаттығуларда екінші нәтиже көрсетті.
Командалық көпсайыста Қазақстан құрамасы Өзбекстаннан кейінгі екінші орынға жайғасты.
"Жүлделі орындар үшін бәсеке өте жоғары деңгейде өтті. Өйткені жекелей және топтық бағдарламалардың ұпайлары бірге есептелді. Нәтижесінде жеңімпаздардың арасын болар-болмас ұпай айырмасы ғана ажыратты. Бірақ қыздар қысымды еңсеріп, күміс медаль еншіледі", - деді бас бапкер.
Лола Әділбекованың айтуынша, бұл Азия чемпионаты алдағы халықаралық жарыстар алдындағы маңызды дайындық кезеңдерінің бірі болған. Сондай-ақ құрама 2026 жылғы жазғы Азия ойындарына жолдама алу міндетін де сәтті орындады.
"Команда Бішкекте лайықты өнер көрсетті. Барлық гимнаст кілем үстінде сапалы жұмыс атқарды. Жалпы нәтижеге көңілім толады. Әрине, әлі де жетілдіретін тұстар бар. Бұл турнир біздің дайындықтағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Алда ірі халықаралық жарыстар күтіп тұр. Азия чемпионаты алдында бізге жазғы Азия ойындарына жолдама алу міндеті қойылған еді. Құрама бұл тапсырманы орындады. Жапонияда Қазақстан толық құрамда өнер көрсетеді", - деді бас бапкер.
Қазақстан үшін жасөспірімдер арасындағы жарыс та сәтті өтті. Жас гимнастар Қырғызстан астанасында екі рет чемпион атанды. Линара Жайлауова шығыршықпен орындалатын жаттығуда алтын медаль жеңіп алды. Ал Анель Динишева таспамен орындалатын жаттығуда үздік атанып, Қазақстан қоржынына тағы бір алтын салды. Сондай-ақ Айғаным Рысбек (доп) пен Анна Рубцова (ұршық) жекелей жаттығуларда күміс медаль иеленді.
Топтық жаттығуларда Диана Бихерт, Жасмин Қайыржанова, Құралай Қуаныш, Иллария Куряченко, Екатерина Пристенная және Сабина Тютебаева үш бірдей күміс медаль жеңіп алды. Олар көпсайыста, бес доппен және бес таспамен орындалатын жаттығуда екінші орынға ие болды. Командалық көпсайыста да Қазақстан жасөспірімдер құрамасы күміс жүлдегер атанды.
Жалпы алғанда, Қазақстан құрамасы 2026 жылғы Азия чемпионатында 17 медаль жеңіп алып, негізгі құраманың да, жас резервтің де деңгейі жоғары екенін дәлелдеді. Оның үстіне көркем гимнастика маусымы енді ғана қарқын алып келеді. Алда қазақстандық спортшыларды бірнеше ірі халықаралық жарыс, соның ішінде Германияда өтетін ересектер арасындағы әлем чемпионаты күтіп тұр. Бапкерлер штабы команданың қазіргі деңгейін саралап, алдағы дайындық бағыттарын айқындауға мүмкіндік алды.
Ақмарал Ерекешева Азия чемпионатындағы үшінші жүлдесін жеңіп алды
Көркем гимнастикадан АЧ: Ақмарал Ерекешева тағы қола медаль жеңіп алды
Көркем гимнастика: Ақмарал Ерекешева Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды