Сметов Париж Олимпиадасынан кейінгі алғашқы турниріне шықпақ
Олимпиада чемпионы Елдос Сметов Қытайда өтетін Гран-при турниріне Қазақстан құрамасының қатарына енді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Циндао қаласында 26-28 маусым аралығында өтетін жарыс дзюдошы үшін Париж Олимпиадасынан кейінгі алғашқы ресми турнир болуы ықтимал.
32 жастағы спортшы Олимпиададан кейін иығына ота жасатқан еді. Бұл жарақат оны Париждегі ойындарға дейін де мазалаған. Сонымен қатар наурыз айында Таразда тағы бір хирургиялық ем қабылдады.
Ресми белдесулерге шықпағанына қарамастан, Елдос Сметов 10 мамыр күні Астанада өткен Grand Slam турнирінде татамиге қайта оралды. Ол көрермендер алдында сегіз жастағы ұлы Омармен көрсетілім белдесуін өткізген болатын.
Айта кетелік, қазақстандық дзюдошы мансабында Grand Slam турнирлерінде бес медаль, ал Гран-при сериясында он жүлде жеңіп алған.