Жақсылық Молдаханов: «Спортшылардың бәрі нағыз батыр екен…»
Қазақстанның 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасының аға бапкері Жақсылық Молдаханов Ташкентте өткен Азия чемпионатының қорытындысына баға берді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Маманның айтуынша, екі аптаға созылған турнирде қазақстандық боксшылар бес алтын, үш күміс және екі қола медаль жеңіп алған. Ол барлық спортшының жарыста жақсы қырынан көрінгенін атап өтті.
«Бұл балалар үшін алғашқы Азия чемпионаты болды. Соған қарамастан, олар өздерін жақсы көрсетті. Финалға шыққан және жүлдеге іліккен спортшылардың бәрі нағыз батыр екенін дәлелдеді» деді Жақсылық Молдаханов.
Бапкердің сөзінше, команда жарыс алдында үш кезеңнен тұратын оқу-жаттығу жиынын өткізген. Дайындық «Алматау», «Үшқоңыр» және «Жаңашар» базаларында ұйымдастырылған.
Айта кетейік, 15 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы Азия чемпионатының медаль кестесінде Қазақстан құрамасы үшінші орын алды. Бірінші орынды Өзбекстан иеленсе, Үндістан екінші сатыға жайғасты.