Аңсарбек Ғайнуллин: бұл осындай деңгейде өткен жарыстағы алғашқы жүлдем
Дзюдодан Қазақстан құрамасының өкілі Аңсарбек Ғайнуллин Астанада өтіп жатқан Grand Slam турнирінде қола медаль жеңіп алды. Отандасымыз жарыстан кейін сұхбат беріп, бұл оның осындай деңгейде өткен жарыстағы алғашқы жүлдесі екенін айтты, деп хабарлайды Prosports.kz сайты ҰОК-ке сілтеме жасап.
Айта кетейік, Аңсарбек Ғайнуллин 73 келіге дейінгі салмақтың қола жүлдесі үшін өткен белдесуде Влад Митруды (Молдова) жеңді.
"Бүгінгі жарыстың атмосферасы ерекше болды. Қолдау білдірген барша көрерменге және бапкерлеріме шынайы алғысымды айтқым келеді.
Бұл менің осындай деңгейде өткен жарыстағы алғашқы жүлдем. Ұлттық құрама сапында жүргеніме жеті-сегіз жыл болды. Осы уақытқа дейін жүлде бұйырмай жүрген еді. Бүгін қола медаль жеңіп алдым.
Моңғолиялық спортшымен болған белдесу өте ауыр өтті. Сол кездесу көп күшімді алып қойды. Бірақ, сол-себепті жартылай финалда ұтылып қалдым деп сылтау іздегім келмейді. Бар күшімді салдым.
Қола медаль үшін өткен белдесудегі қарсыласым да осал емес. Бойы және аяқ-қолы ұзын болғандықтан, күрес барысында біраз қолайсыздық тудырды. Ал физикалық және техникалық жағынан өзімді жақсырақпын деп ойлаймын", - деді спортшы.