Қазақстан құрамасы Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысын екі жүлдемен бастады
Бүгін Астанада дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирі басталды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam әлемдік турнирінің алғашқы жарыс күнінде Қазақстан құрамасы 60 келіге дейінгі салмақта табысты өнер көрсетті.
Талғат Орынбасар жарыс жолында сенімді белдесіп, турнирдің финалына дейін жетіп, Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысының күміс жүлдегері атанды. Жартылай финалда отандасымыз Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Тайпей өкілі Янг Юнг-Вэйді жеңіп, ақтық сынға жолдама алған еді.
Айта кетейік, Талғат Орынбасар Астана төрінде өткен былтырғы Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінде де финалға шығып, күміс жүлдеге ие болған болатын.
Осылайша, жас дзюдошы елордадағы беделді жарыста екінші жыл қатарынан жүлде тұғырына көтерілді.
Ал қола жүлде үшін қазақстандық екі дзюдошы - Мағжан Шамшадин мен Шерзод Давлатов өзара кездесуі тиіс болған. Алайда Мағжан Шамшадин жарақатына байланысты татамиге шыға алмады. Нәтижесінде қола медаль Шерзод Давлатовқа бұйырды.
Айта кетейік, жалпы бүгін жарыс жолына Қазақстан атынан 20 балуан шыққан болатын.