Ірі жеңіс пен сенімді ойын: Жайлауов құраманың деңгейін бағалады

Ірі жеңіс пен сенімді ойын: Жайлауов құраманың деңгейін бағалады

Қазақстан хоккей құрамасы әлем чемпионаты-2026 (IA дивизионы) турнирінде сенімді ойынын жалғастырып келеді. Жапонияны 6:0 есебімен ойсырата жеңгеннен кейін бас бапкер Талғат Жайлауов матчқа баға беріп, команданың қазіргі жағдайы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz сайты Sports24.kz-ке сілтеме жасап.

Бапкердің айтуынша, тығыз кестеге қарамастан команда сапалы ойын көрсете алды.

«Ойын ерте өтті, қалпына келуге уақыт аз болды. Соған қарамастан, командалық әрекеттер біртіндеп қалыптасып келеді. Жалпы, команда бүгін жақсы ойын көрсетті», - деді Жайлауов.

Жас ойыншылардың ойынына да жеке тоқталған маман олардың әлеуеті бар екенін атап өтті.

«Жастар қарқын алып келеді. Ойын тапсырмаларын орындауы, өзара байланысы ұнап жатыр. Бірақ кей сәттерде әлі де бала хоккейі байқалады. Біз оларға бұл деңгейде барлығы әлдеқайда жауапкершілікпен орындалуы керектігін түсіндірудеміз», - деді ол.

Турнир барысында құрамда белгілі бір өзгерістер болғанын айтқан Жайлауов, бұл шешімдердің өзін ақтағанын жеткізді.

«Өткен ойында-ақ кейбір тұстарды байқап, қорғаныстағы жұптарды сәл өзгерттік. Нәтиже шыққан соң сол үйлесімдерді қалдырдық. Қазір нәтиже беріп тұрған құрамды өзгертудің қажеті жоқ», - деді бапкер.

Сонымен қатар, команда әлі де өзара үйлесімділікті жетілдіру үстінде екенін айтты.

«Жігіттер бір-біріне үйреніп жатыр. Көпшілігі маусым барысында бірге ойнаған, бірақ бәрібір уақыт керек», - деп қосты ол.

Екі турдан кейін Қазақстан құрамасы 6 ұпай жинап, шайба айырмасы +9 көрсеткішімен топ көшін бастап тұр.


Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында көш бастап тұр

Қазақстан - Жапония матчына бейнешолу

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или