Нұржан Насанов: Нәтиже жаман емес, жігіттер бар күшін салды

Нұржан Насанов: Нәтиже жаман емес, жігіттер бар күшін салды

Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында бокстан Азия чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Prosports.kz.

Қазақстан құрамасы жарысты төрт алтын медальмен аяқтады. Жалпы қоржында - сегіз жүлде. Ерлер құрамасының бас бапкері Нұржан Насанов Olympic.kz сайтына берген сұхбатында сары құрлық біріншілігін қорытындылап, шәкірттерінің өнеріне баға беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

«Жеңіліп қалған көшбасшыларға келсек, мұнда психологиялық фактор әсер етті. Әсіресе 50 және 55 келі салмақ дәрежелерінде. Дегенмен жалпы нәтиже жаман емес. Жігіттер бар күшін салды. 

Маған Оразбек Асылқұловтың өнері ұнады. Финалда алғашқы раунд тартысты өтті. Бірақ біз жеңіске жететінімізге сенімді болдым. Ол қойылған тапсырмаларды дұрыс орындады: қысым жасап, артық соққы жібермеді. Бапкерлердің нұсқауларын тыңдап, жеңіске деген жігерін көрсетті. Жалпы, оны команданың жаңалығы деп айтуға болады.

Сабыржан Аққалықов та жоғары деңгейде жұдырықтасты. Техникалық тұрғыда өте мықты боксшы, тапсырмаларды дәл орындайды. Бұрышта айтылған нұсқауларды жақсы қабылдайды. Оның бокстағы ойлау қабілеті де жоғары деңгейде. Финалда біз оған ашық айқасқа бармай, өз стилінде жұмыс істеуді тапсырдық. Ол осы міндетті мүлтіксіз атқарды. 

Сондай-ақ Ерасыл Жақпековті атап өткім келеді. Оның дамып жатқаны байқалады. Әсіресе психологиялық тұрғыда шыңдалып жатыр. Жыл басында оның жекпе-жектерін талдап, бірқатар түзету енгіздік. Ол - табиғатынан нағыз жауынгер, соңына дейін күреседі.

Ағайынды Оралбайлар да өз деңгейінде өнер көрсетті. Суыққанды түрде шығып, өз жұмыстарын атқарды. Тәжірибелері мол, оған қоса Олимпиадада да өнер көрсеткен. Қойылған тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, артық эмоцияға берілмей, сауатты жұдырықтасты. Әрине, физикалық дайындықтарын әлі де жетілдіру қажет. Бірақ олар қазірдің өзінде жоғары нәтиже көрсетіп жүр», - деді Насанов.

Еске салайық, Қазақстан ерлер құрамасы Азия чемпионатын сегіз медальмен аяқтады. Оразбек Асылқұлов (60 келіге дейін), Сабыржан Аққалықов (75 келіге дейін), Нұрбек Оралбай (85 келіге дейін) және Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) алтын медаль жеңіп алды. Күміс медаль Төрехан Сабырханға (70 келіге дейін) бұйырды. Ал Махмұд Сабырхан (55 келіге дейін), Ертуған Зейнуллинов (65 келіге дейін) және Сағындық Тоғамбай (90 келіге дейін) қола жүлдегер атанды.

Бокстан ерлер құрамасының бас бапкері Азия чемпионатын қорытындылады

Қазақстан Азия чемпионатының жалпы есебінде көш бастады

Төрехан Сабырхан жеңілісіне қатысты пікір білдірді

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или