Нұржан Насанов: Психологиялық тұрғыда өзімді дайын сезінемін
Ұлан-Батыр қаласында бокстан Азия чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Prosports.kz.
Моңғолия астанасындағы турнирдің соңғы күнінде ерлер арасында финалдық жекпе-жектер өтті. Қазақстан құрамасы жарысты төрт алтын медальмен аяқтады. Жалпы қоржында - сегіз жүлде. Ерлер құрамасының бас бапкері Нұржан Насанов Olympic.kz сайтына берген сұхбатында сары құрлық біріншілігін қорытындылап, шәкірттерінің өнеріне баға беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Айта кетейік, Моңғолиядағы Азия чемпионаты Нұржан Насанов үшін бас бапкер ретіндегі алғашқы ірі жарыс болды. Оның айтуынша, жаңа қызметке байланысты толқу болғанымен, бұл жұмыс барысына кері әсерін тигізген жоқ. Маман команданың нәтижесін жақсы деп бағалады. Дегенмен бұдан да жоғары көрсеткішке қол жеткізуге мүмкіндік болғанын атап өтті.
«Бұл - менің бас бапкер ретіндегі алғашқы Азия чемпионатым. Әрине, толқу болды. Бірақ мұндай сезімнің болуы қалыпты нәрсе. Жауапкершілік те жоғары болды.
Оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар барысында біртіндеп бейімделеміз. Психологиялық тұрғыда өзімді дайын сезінемін. Бұған дейін де бапкерлер құрамында болып, Азия және әлем чемпионатына қатысқанмын. Қазір алдағы уақытта қай бағытта жұмыс істеу керектігін анық түсіне бастадым. Негізгі мақсат - басты жарыстарда жоғары нәтиже көрсету.
Жалпы алғанда, команда Ұлан-Батырда жақсы өнер көрсетті. Бірақ бұдан да жақсы нәтижеге қол жеткізуге болар еді. Қателіктер бар, олармен жұмыс істеу қажет. Елге оралған соң толық талдау жасап, кемшіліктерді түзетуге кірісеміз», - деп түйіндеді Нұржан Насанов.
Қазақстан Азия чемпионатының жалпы есебінде көш бастады